Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Атырауда алғаш рет Нариман Үлкенбайұлының 80 жылдығына арналған қос бірдей республикалық өнер додасы өтуде. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Нариман Үлкенбайұлы атындағы бірінші республикалық халық театрлары фестивалі мен музейлер байқауы ұйымдастырылуда.
4 күнге созылатын өнер додасына еліміздің әр облысынан келген үздік халық театрлары мен музей мамандары қатысады. Сонымен қатар, байқауға қатысушыларға Қазақстан Республикасына белгілі өнер майталмандары мен зиялы тұлғалары қазылық ететін болады.
Халық театрын алғаш құрған Нариман Үлкенбайұлы өлке тарихында да жарқын із қалдырған. Байқаудың бірінші күнінде республикалық музей қызметкерлері өзара бақ сынайды. 4 кезеңнен тұратын сайыста республика көлеміндегі 20-ға жуық облыстық, аудандық тарихи-өлкетану, тұлғалық музейлердің,музей-қорықтардың бөлім қызметкерлері мен мамандары бақ сынауда.
«Бұл шараның маңыздылығы музей қызметкерлерінің мәртебесін өсіретін, абыройын көтеретін үлкен шара болып тұр. Және әрбір қызметкердің өзінің жеке жұмысын және жасаған жеке жобаларын қорғауға, көрсетуге және тәжірибе алмасуға ең бастысы үлкен мүмкіндік туып отыр»,-дейді Қызылорда облыстық музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Беккулиева.
Халық театрлар фестивалі аясында өтетін қойылымдар Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтеді. Тұрғындар театр ұжымдарының өнерін тегін тамашалай алады.
«Бала кезімнен халық театрларының қойылымдарын сусындап өстік. Әкем ауылда осының ұйымдастырушысы болды.Бұл әкемнің еңбегі сіңген сала. Мақсатымыздың бірі осы театрда жүрген көркемөнерпаздардың өнерін паш ету. Бұл шараны қорытындылаған соң Тұщықұдық ауылында әкемнің өзінің жұмыс жасаған театрына есімі беріледі. Сол жақта ашылу салтанаты болады. Одан кейін кітабы шықты, сол кітаптың тұсаукесері болады. Өзінің еңбегі сіңген халық театрының сол жерде шағын қойылымы болады»,-дейді күйші, Нариман Үлкенбайұлының қызы Айгүл Үлкенбаева.