Атырау облысында республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тасжолында су тасқынына қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Айталық, 15-мамырдан бастап «Атырау-Орал» автокөлік жолының төмен орналасқан тұстарына су өткізбес үшін қосымша бөгет салынды.
17-мамырда Сарайшық ауылын судан аман алып қалу үшін жолды бұзу жөнінде шешім қабылданды. Осы сияқты 56-шақырымда Жалғансай елдімекені, 69-шақырымда Махамбет, 71-шақырымда «Махамбет-Сарытоғай» жолы, 81-82 шақырымда Ақтоғай ауылын су шайып кетпес үшін жолдан төмен орналасқан жердегі бөгеттерді ашып, суды өткізу жұмыстары атқарылды,- дейді ҚазАвтоЖол ҰК АҚ Атырау облыстық филиал директорының орынбасары Аслан Дүйсенов.
Сонымен қатар, Х.Ерғалиев - Таңдай бағытындағы жолда су тасқынына қарсы шаралар атқарылуда. Ескерте кетейік, оқыс оқиға орын алмау мақсатында аталмыш тасжолда ауыр жүк көлік қозғалысына шектеу қойылды. Спикердің айтуынша, судың көп мөлшерде келуі тасжолдарды қайта қалыпқа келтіруге кедергі болып тұр. Көлік қозғалысын жедел ашу үшін мамандар су деңгейі түскенін күтуде. Махамбет ауданына қарасты Жайық бойында орналасқан елдімекендерді тасқын қауіпінен сақтау жұмыстарына барлығы 6 жүк көлігі, 3 тиегіш, 3 газель, 25 жұмысшы жұмылдырылды.