Атырау өңірінде шалғын көбелектер қаптады

6 Маусым 2022, 18:36
2442
Бөлісу:
Атырау өңірінде шалғын көбелектер қаптады

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысының бірнеше ауданы мен қала маңында құрт-көбелектер  қаптап кетті.

Тіпті, ен даладағы егістіктен басқа Индер, Махамбет ауданы тұрғындарының бау-бақшасы мен тұрғын үйдің ауласына кіріп жатқанын айтып дабыл қағып жатыр. Мамандар бұл шалғын құрттар ауыл шаруашылығына ең қауіпті зиянкестер екенін айтады.  

Атырау облысы басшыларының сөзінше зиянкестерді жою бойыша істелетін жұмыстар тізімінде дәл осы шалғын көбелектер жоқ екен. Бірақ жою мен алдын алу жұмыстарына көршілес облыстардан мамандар шақырып жатырмыз дейді. 

Атырау өңірінде  ауа райына байланысты құрт көбелек көбейді. Шаруалар шағымданып жатыр. Бірақ зиянкестерді жою бойынша біз алдын ала қаржы бөліп, жоспарланған жұмыстар арасында шалғын көбелектер жоқ. Қазір біз әр аудандардан, тиісті мекемелер арқылы анықтап жатырмыз. Қаржы қаралмағандықтан бұл зиянкесті жою жер пайдаланушының өз есебінен жасалып жатыр. Шаруалар өз күшімен жойып бастаған еді. Алайда құрт көбейіп барады. Сондықтан шұғыл түрде отырыс өткізілді. Тиісті жұмыстар жасауға тапсырма берілді. Көрші Орал облысында осы зиянкестерді жоятын  арнайы мамандандырыған мекеме бар. Қазір дәрі-дәрмегімен бірге екі техника алдырдық. Бірі Индер, бірі Махамбет аудандарында жұмысын бастады. Ең өзектісі егін мен жайылым жерлер. Соны аман алып қалуға тырысып жатырмыз, - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев. 

 Жайылымның барлығын өңдеу мүмкін емес дейді мамандар. Өйткені ол төрт түлікке зиян болатынын айтады. Өңірде шалғын көбелектер  мамыр айының екінші онкүндігінде жаппай ұшып бастаған. 

Өңірдегі 3400 гектар жер зерттелді. Оның 1250 гектары залалсыздандырылды. Жер пайдаланушыларға заңдылықтарға сай нұсқамалар берілді. Бес шаруашылық өз күштерімен жою жұмыстарын бастап, бүгінге дейін 550 гектар жерді өңдеді. Бірақ толық көзін жою мүмкін болмай жатыр. Заңдылық бойынша фитосанитарлық жұмыстар жүргізу жер пайдаланушының өз міндеті. Құрттың көбеюіне ылғал әсер етіп отыр. Өйткені биыл жауын-шашын көп болды, - дейді  Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекция  басшысы Арман Құмарғалиев.

Шалғын көбелегі өсімдіктермен қоректенеді. Сондықтан адам мен малға зияны жоқ екен. 

Біздің мамандарымыздың толыққанды күші жетпей жатыр. Махамбет пен Индер ауданынан бөлек басқа аудандардан да дабылдар түсіп жатыр. Ол жақта да мамандар жұмыс істеп жатыр. Бұл құрттар әлі де көбеюі мүмкін. Жаңа ошақтар болуы мүмкін. Сондықтан әлі де аз жерлердегі көбелектерді ауыздықтауға күш салып жатырмыз, - деді «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалының басшысы Хамидолла Дәулетбаев.

 Мамандардың сөзінше Атырау өңіріндегі ыссы ауа райынан құрттар жойылмайды. Олар көк шөптермен қоректеніп, көбейе береді. Одан бөлек шалғын құрттар бірнеше ұрпақтарға бөлініп,  тез көбейеді екен. 

Өзгелердің жаңалығы