Астана, BAQ.KZ. Атырау облысындағы еңбек ұжымдары, студенттер, Қазақстан халықтары ассамблеясы өкілдері, кәсіподақ ұйымдары астана атауын ауыстыру туралы ұсынысты қолдайды. Бұл туралы Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астананы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атауды ұсынған болатын.
Атырау облысындағы «Дәулет Нан», «Амангелді », «Caspiy Lana», «Альянс Строй», АМӨЗ , «Ембімұнайгаз», «Жігермұнайсервис», «Атыраунефтемаш», “Isker”, “АтырауИнжСтрой”, мекемелерінің еңбек ұжымдары және жастар мен үкіметтік емес ұйымдар Елбасының атына хат жолдады. Хатта Ұлт Көшбасшысын қолдайтындары, астана атауын өзгерту Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы алдындағы елеулі еңбегімен байланысты екені айтылған. Астана атауын өзгертуді талап етіп, жалпы алғанда 7093 қол қойылды.
«Елбасының халықаралық аренадағы беделі жоғары екені анық. Біздің елімізді әлем таныды. Қазақстанның ұсыныстарымен санасады. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен еңбегі. Қазақстанның өркендеу кезеңі, әлемде абыройлы болуы Н.Назарбаевтың есімімен байланысты. Жаңа тәуелсіз мемлекет қалыптасуының бастауында Назарбаев тұрды. Елбасымыздың арқасында Қазақстанда стратегиялық және саяси серіктестер көп», - деп жазылған «Caspiy Lana» ЖШС қызметкерлерінің хатында.
«Елорданың Астанаға ауысуы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Қиын кезеңде батыл, көреген шешім қабылдады. Бүгінде астанамыз әдемі қалалардың бірі. Тарихи маңызды оқиғалар осында өтеді. Елбасы астанаға атын беруге лайықты деп санаймыз. Сіз бізге құрмет көрсетіп, өндірісімізге келдіңіз, жұмыс жағдайымен танысып, өнімдерімізге баға бердіңіз. Біз сізді әрқашан қолдаймыз, Нұрсұлтан Әбішұлы!», - деп атап көрсетілген «Дәулет Нан» ЖШС еңбек ұжымы жолдаған хатта.
«Әлемде мұндай тәжірибе бар. Ел үшін өлшеусіз еңбек сіңірген, тарихта қалған тұлғаларға құрмет ретінде аты беріледі. Ең белгілі мысал – Вашингтон. АҚШ-тың халық сайлаған алғашқы президенті. Оның есімімен ел астанасы аталады. Біздің тәуелсіз Қазақстан және 1991 жылдан кейін өмірге келген біздің буын осыған лайықпыз деп есептейміз. Біз астана атауының ауыстырылуын қолдаймыз», - деп жазылған өңірдегі студенттер ұжымдарының үндеуінде.