Атырау облысындағы медициналық мекемелерге демеушілер де қолдау көрсетіп жатыр

26 Шілде 2021, 10:25
4634
Бөлісу:
Атырау облысындағы медициналық мекемелерге демеушілер де қолдау көрсетіп жатыр
Сұхбат

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында соңғы тәуліктерде инфекция жұқтырғандар саны артып, вакцина алушылар саны азайып кеткен.

Осы мәселелерге қатысты, сондай-ақ аймақтағы халық денсаулығын жақсарту жұмыстары бойынша Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байдуалиев Асхан Мархабайұлымен сұхбаттастық. 

 Атырау облысы денсаулық сақтау саласының ахуалы қандай? 

– Атырау облысында 26 маусымнан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны артып, өңір қызыл аймаққа өтті. Облыста індет басталғалы 32 369 адам COVID-19 жұқтырды, оның ішінде соңғы тәуліктерде вирус күніне 400-ден астам адамнан анықталып жатыр. Соңғы 10 тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 30,0%-ға өсіп отыр, 16 шілде күні анықталғандар саны 342 болса, 25 шілдеде 420 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Қазіргі ахуал осылай болып тұр. 

 Өңірде медициналық қызметтің сапасы артты деп айта аламыз ба? 

– Өткен жылғы толқыннан кейін біз біраз тәжірибе жинақтадық. Екінші толқынға дайындық аясында үлкен жұмыс атқарылды. Медицинаға мемлекет қомақты қаражат бөлді. Осы инфекцияны диагностикалау және емдеу хаттамалары жазылды. Егер бастапқыда біз провизорлық, карантиндік және инфекциялық бөлімшелер туралы айтатын болсақ, бүгінде инфекциялық және карантиндік аймақ болып бөлінеді. Осы уақыт ішінде «СҚ-Фармация» ЖШС логистиканы және барлық деңгейде қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етуді жолға қойды. Екі айлық дәрі-дәрмектер қоры құрылды. Амбулаториялық деңгейде бұл препараттардың 5 түрі қызу түсіретін дәрілер мен антикоагулянттар, антибиотиктер бар. Стационарда дәрінің 26 түрі бар. Тұрақтандыру қорын құру үшін әкімдік, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ЖШС қоймаларында сақталатын дәрілердің 42 аталымын сатып алуға «Іңкәр» ЖШС-не 500 миллион теңге бөлді. Осылайша біз бұл толқынға жан-жақты дайындалдық. 

 Аймақтағы денсаулық сақтау саласына жылына бюджеттен қанша қаржы бөлінеді? 

– Биыл облыстағы денсаулық сақтау саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінді. Бұл сомаға жабдықтарды сатып алу, дәрігерлерге жалақы төлеу, халыққа медициналық қызметтер көрсету, жабдықты жөндеу және ұстау, ақпараттандыру жобаларын іске асыру, дәрі-дәрмек сатып алу, қалалық және аудандық ауруханаларды материалдық – техникалық жабдықтау, колл-орталықтардың жұмысын ұйымдастыру және тағы басқалар кіреді. Бұл қаражаттың барлығы мақсатты бағытта жұмсалады. 

 Әрине, пандемия ақ халаттыларды қатты сынады. Аймақта медицина мамандарының жетіспеушілігі осы індет кезінде білінді. Қазір емдеу орындарын мамандар мен қамту жұмыстары қалай жүріп жатыр? 

– Бүгінгі таңда облысымыздағы инфекция ошағында 375 дәрігер жұмыс істейді. Науқастар саны күрт өссе, резервте 275 дәрігеріміз бар. Бұл дәрігерлер, кіші және орта буын қызметкерлері. Өңірде барлығы 6 575 медицина қызметкері бар, оның ішінде 1479 – дәрігер, 5 096 – орта және кіші персонал. Сондықтан індетпен күреске ақ халаттыларымыз дайын. 

 Жалпы медициналық мекемелерде қандай мамандар тапшы? 

– Бүгінде өңірде 235 медицина қызметкері жетіспейді, олар негізінен анестезиологтар, инфекционистер, акушер-гинекологтар және жалпы тәжірибелі дәрігерлер. Басты міндет кадрларды тарту, олардың біліктілігін арттыру, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік беру болып табылады. Өңір басшылығы бұл бағытта үлкен жұмыс атқаруда, еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында Атырау облысы әкімінің гранты бойынша 268 студент білім алуда. Сондай-ақ біз облыс емханаларына жергілікті медициналық колледждің 121 түлегін жұмысқа орналастырамыз деген ниеттеміз. 

 Өткен жылы індет ушыққанда жасанды тыныс алу аппараттары тапшы болды. Еріктілер жұмылды. Аурухана ішіне оттегі баллондарын тасыды. Бұл мәселе қазір шешілді ме? Жасанды тыныс алу аппараттарымен қаншалықты қамтылды? 

– Облыста 4 МРТ аппараты, 13 компьютерлік томография аппараты, 41 рентген аппараты, 669 оттегі концентраты, 1514 пульсоксиметр, 272 ИВЛ аппараты, 8 оттегі станциясы, 113 жедел медициналық жәрдем көлігі, 7 жылжымалы медициналық кешен бар.Барлық медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдарының және дәрілік заттардың 2 айлық қоры жасақталды. 

 Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласын жетілдіру, сондай-ақ заманауи технологиялармен қамтамасыз ету бағытында қандай іс-шара жасалды?

– Аймақта екінші толқынға дайындық аясында бірқатар нысандар салынды. Өткен жылы модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді. Махамбеттегі жұқпалы аурулар ауруханасы толық жөндеуден өтіп, жабдықталған және қажет болған жағдайда карантиндік стационар ретінде пайдаланылатын болады. Құрманғазы ауданында 75 төсек орынға арналған аурухана салынды, онда реанимациялық төсектері бар инфекциялық бөлімше бар. Құлсары қаласында 200 төсектік модульді аурухана және 75 төсектік аурухана салынды. Олар жақын арада пайдалануға беріледі. 

 Өңір медицинасын цифрландыру қалай жүзеге асып жатыр? 

– Аймақта 78 денсаулық сақтау объектісі 100% интернет желісімен қамтамасыз етілген. 6443 жұмыс орнын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ы құрайды. 36 денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық ақпараттық жүйе 100% енгізілген. Өңірде 5 медициналық ақпараттық жүйе орнатылған. Олар «Damumed» МАЖ, «Көмек» МАЖ, Атырау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы, «Инфо Донор» МАЖ, Облыстық қан орталығы. Аймақтағы 600 мыңнан астам тұрғынның 100% жергілікті электрондық денсаулық паспорттары жасақталды. Сондай-ақ Атырау облыстық жедел жәрдем станциясы және  жедел медициналық көмек бригадасы планшеттер мен смартфондармен жабдықталған. Жедел медициналық көмектің барлық санитарлық көлігі GPS-навигаторлар бар. Жедел медициналық көмек қызметі пациенттердің электрондық денсаулық төлқұжаттарына кіре алады. Стационарлардың қабылдау бөлмелерінде бригадалардың статусы, шақыру және бригада құрамы туралы ақпарат бейнеленген GPS-құрылғылардың мобильді нұсқасы орнатылған. Осы нұсқаның арқасында шақыру туралы барлық ақпарат бір қосымшада қолжетімді. 

 Аймақтағы аудандар, елді мекендер медициналық мекемелермен, амбулаториялармен қамтылған ба? 

– Иә, бүгінде облыстың барлық аудандарында отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар бар. Шалғай елді мекендерде фельдшерлік-амбулаториялық пункттер ашылған. Олардың барлығы типтік және қажетті жабдықтармен жабдықталған. Ауыр науқастар аудандық ауруханаларға жатқызылады немесе санавиациямен облыс орталығына тасымалданады. 

 Елді мекендердегі емдеу орындарының материалдық-техникалық базасы қандай? Мамандары жеткілікті ме? 

– Қазір бұл бағытта ауқымды жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Материалдық-техникалық база жергілікті бюджет қаражаты есебінен де, демеушілер есебінен де жаңартылады. Мәселен, осы көктемде Құрманғазы аудандық ауруханасына КТК компаниясы компьютерлік томографты сыйға тартты. 

 Ана мен бала денсаулығынжақсартуға мемлекет тарапынан қолдау көп. Арнайы бағдарламалар жасақталды. Атырау облысында осы қабылданып жатқан бағдарламалар өз нәтижесін берді ме? 

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен 2021-2023 жылдарға арналған жедел жоспарға сәйкес Атырау облысында сәби өлімін төмендету бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, қызметкерлерді оқыту, шала туған нәрестелерді емдеу мен құтқарудың жаңа әдістері, босандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үлгідегі жабдықтар сатып алынуда. Нәрестелер өлімі бойынша статистика әзірше, өткен жылдағыдай. Өткен жылдың 6 айында 77 жағдай тіркелсе, биылғы жарты жылда 77 жағдай. Демографияның өсуі есебінен, биыл республика бойынша көрсеткіш 8,5 промильді құрайды. Мысалы, осы жылдың 6 айында 9 041 бала дүниеге келді, ал өткен жылдың бірінші жарты жылдығында 8 519 сәби дүние есігін ашты. 

 «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКО квотасын көбейтті? Атырау облысында қанша ата-ана кезекте тұр? Биыл қаншасы квота алды? 

– Бұл бағдарлама бойынша 232 квота берілді, қазіргі таңда 158 квота игерілді, 74-і әлі игерілген жоқ. Біздің өңірде, кезекте 750 бедеу жұп бар, жыл соңына дейін кезекте тұрған әйелдер бұл квоталарды алады деп сенемін. 

 Медицина мамандарының еңбекақысы өсіп жатыр. Ал олар баспанамен қалай қамтылып жатыр? 

– Қазір Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен медицина мамандарына 89 қызметтік пәтер берілді. Сондай-ақ аймаққа аса қажет мамандар үшін тағы 20 пәтер дайын тұр. 

 Бас дәрігер ретінде аймақ халқының денсаулығына қандай баға бересіз? 

– Әрине, өткен жылы пандемияның алғашқы толқыны жерлестеріміздің денсаулығына қатты әсер етті. Көпшілігі өмірге, салауатты өмір салтын қолдауға қатысты өз көзқарастарын өзгертті деп ойлаймын. Мысалы, бірі дұрыс тамақтануға бет бұрса, енді бірі спортпен шұғылдана бастады. Халқымыз денсаулық бірінші байлық екенін және вакцинация қалыпты өмірге оралуға себеп боларын жіті түсінді . 

 Атыраулықтардың вакцинаға белсенділігі қандай? 

– Екпе жұмыстарын жүргізу үшін облыс бойынша 41 екпе пункті ашылды. Оның 10-ы жылжымалы пункт. Биылғы 1 ақпан мен 25 шілде аралығында 134 229 адамға вакцина салынды. 

Соңғы 7 күнде вакцина алған адамдардың саны 56,3%-ға төмендеп отыр, 9-ы мен 15 шілде аралығында 17578 адам, 16 және 22 шілде аралығында 7684 адам вакцина алған. Ал 24 шілдеді 412 адам ғана вакцина алды. Бұл өте төмегі көрсеткіш. Бұған бірнеше себептер бар. Індеттің күрт өршуіне байланысты адамдардың көпшілігі оқшауланып, қажеттілік тумаса артық қоғамдық орындарға бармайды. Әлеуметтік желілерде антиваксерлерден вакциналардың жанама әсерлері туралы жалған ақпарат таратылады. Бірақ біз атыраулықтардың вакцинацияның маңыздылығы мен қажеттілігін байсалды бағалап, саналы түрде таңдау жасайтынына сенеміз. Өйткені қазір өңірде дельта штамы да жайылып жатыр. Бұл бұрынғы штамнан аса қауіпті кесел. Сондықтан вируспен күрестің жолы тек вакцина алу. Басқаша бұл індеттен құтыла алмаймыз.

 Сұхбатыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы