Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Атырау облысында мал қырылып жатыр

24 Қыркүйек 2025, 13:48
702
Бөлісу:

Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылында мал қырылып жатыр. Өткен демалыстан бері шаруалар 13 ірі қараның өлексесін тапқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тұрғындардың сөзінше жайылымдағы үй жануарлары әлденеден уланған. Оған Жем өзеніне тартылып жатқан шлюз құрылысының қатысы бар деген ойда. Осылай деп әлеуметтік желіде бейнежазба таратты. Видеода малдың жайын білетін азаматтар сиырдың іш құрылысының іріп кеткенін көрсеткен. 

Менің сиырымның ішін қарағанда аппақ болып кеткен. Бөтегесі мен өті жарылған, бауыры, ішектері бәрі іріп кеткен. Құлсарыдан келген мал дәрігерінің өзі айтып тұр, бұл мал уланған деп. Егер ауру болса ондай болмайтын еді. Безінің бәрі шығып кететін еді дейді. Жем өзеніне салынып жатқан шлюз бар. Соның түбінен су ішкен. Жылқы мен қой жоламады ол суға. Тіпті иттің өзі жақындаған жоқ, - дейді желідегі тұрғындардың бірі. 

Жауаптылар өлген малдан сынама алған. Неден қырылғанын тексеруге кірісті. Сынама қорытындысы шамамен бір аптада шығатынын айтады.

Мал өлімі өткен жұма күннен бастап тіркелген. Сенбі мен жексенбі күндері де болған. Біздің ветеринар мамандар барып тексеріп қарадық. Өлген малдан потологиялық материалдар алынып, облыстық зертханаға жіберілді. Су сынамалары да алынды. Ол да зертханаға жіберілді. Енді нақты қорытындысы сол зертхана қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады, - дейді Жылыой аудандық ветеринариялық станция басшысы Нұрболат Жексенұлы. 

Жергілікті тұрғындар 13 бас мал қырылды десе де, сынама алуға барған жауаптылар тек 5 бас ірі қара өлексесін таптық дейді. Өзге қырылған төрт-түліктің жоқтығын айтты. Дегенмен желіде тараған видеода сиырдан бөлек бірер түйенің де сеспей қатқаны көрінеді. 

Фото, видео: Жылыой ауданы тұрғындарынан

Өзгелердің жаңалығы