Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің қатысуымен кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға жергілікті атқарушы органдары, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының және кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысты. Іс-шараға барлығы 100-ге жуық кәсіпкер жиналды.
Талқылаудың басты тақырыбы – салық реформасы, атап айтқанда, салық салу жүйесіндегі өзгерістер, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және дифференциалды тәсілді енгізу.
Вице-министр Үкіметтің ҚҚС базалық мөлгерлемесін 16% деңгейінде белгілеу, бірқатар басым сала үшін 10% төмендетілген мөлшерлеме енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату туралы ұсынысымен таныстырды.
Ашық диалог барысында кәсіпкерлер өз көзұарастарын білдіріп, бизнеске түсетін салмақтың артуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. Сондай-ақ арнаулы салық режимін және бөлшек сауда салығын трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңес өкілдері бизнес үшін тәуекелдерді барынша азайтуға және салық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныс жасады.
Бөлшек салықтың енгізілуі "үй маңындағы дүкендер" иелері үшін жағымды жағдай болды. 2% салық төлеу арқылы біз барлық кірістерімізді ашық көрсете аламыз. Мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлерге салық жүктемесін жеңілдету үшін бірқатар жеңілдік жасалған. Алайда, бүгін талқыланып жатқан ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі азық-түлік бағасының өсуіне әкелуі мүмкін, сондықтан Үкімет бизнес үшін де, қарапайым тұтынушылар үшін де оңтайлы шешім қабылдайды деп үміттенеміз, – деп атап өтті жеке кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова.
Вице-министр Қазақстанға салық жүйесін жаңғырту қажет екенін, бірақ бұл үдеріс кәсіпкерліктің дамуына нұқсан келтірмейтіндей және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай құрылымда болуы керектігін, реформаны одан әрі талқылау кезінде бизнес өкілдерінің пікірлері міндетті түрде ескерілетінін атап өтті.
Кездесу нәтижесінде барлық тарап мүдделерін ескере отырып, салық жүйесін реформалаудың теңгерімді тәсілдерін әзірлеу мақсатында бизнес-қауымдастықпен кеңес беруді жалғастыру туралы шешім қабылданды.