Атырау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Атырау халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға жергілікті әкімдікпен қатар кәсіпкерлер, еріктілер де қол ұшын беріп жатыр. Елімізде індет басталғалы табысынан айырылғандар, күн көрісі төмендегендер аз емес. Алайда, мемлекет тарапынан қолдау тоқтаған емес. Осы жұмыстарды үздіксіз ұйымдастырып отырған Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Серік Қамидолламен сұхбаттасқан едік.
Тілші: Серік Қамидоллаұлы, еліміздегі індет халықтың әлеуметтік жағдайына ауыр тиіп жатыр. Қазір Атырау облысы тұрғындарының тұрмысы қандай? Аймақта әлеуметтік ахуал қалай?
Серік Қамидолла: Иә, әлемді шарпыған қауіпті індеттің Атырау облысын да айналып өтпегені белгілі. Облыстағы ахуалды естіп те біліп те жатырсыздар?! Дегенмен, індетке қарамастан халықтың басты әлеуметтік жағдайына, туылғаннан бастап, қайтыс болғанға дейін адам өміріне қатысты мәселелермен айналысатындықтан, Атырау қалалық және барлық аудандық жұмыспен қамту органы өз жұмыстарын тоқтатқан емес.
Әрине, бірінші кезекте әр қызметкердің денсаулығын ескере отырып, санитарлық жағдайды қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметтердің 80%-ын egov.kz порталы арқылы үйде отырып, қашықтықтан алуға мүмкіндіктер жасалған. Сонымен қатар, интернет желісі немесе компьютерлік құрылғылары болмаған жағдайда мамандар оларды қашықтықты сақтай отырып, терезе арқылы, жұмыс телефоны, ұялы телефондарына соғып, хабарласу арқылы да барлық мүмкіндікті пайдаланып қызмет көрсетуде.
Жалпы, облыста жағдай бірқалыпты. Мемлекет тарапынан берілетін жұмысынан айырылу жағдайында берілетін әлеуметтік төлемдер, тиісті азаматтар атаулы әлеуметтік көмектер алып, түскен сұраныстарға қарай жұмыспен қамту шараларына да жолданып отыр. 2020 жылғы 1 шілдедегі есеп бойынша 3 320 адам тұрақты жұмысқа, 3 958 адам қоғамдық, 377 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, ал 265 жас маман "Жастар тәжірибесіне" кірісті.
Қазіргі жағдайға байланысты ҚР Премьер-министрінің 2020 жылғы 27-наурыздағы №55-р өкімімен "2020 – 2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту жол картасы туралы" бекітіліп, жүзеге асуда. Аталған ережеге сай, облыстағы 63 инфрақұрылымдық жобаны күрделі, ағымдағы жөндеу, абаттандыру жұмыстарына 35 млрд 308 млн теңге қаражат бөлініп, 7 113 жұмыс орнын ашу жоспарланды және оның 3557-сі жергілікті жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен жұмыссыздар есебінен алынады. Осы бойынша 3 325 жұмыс орны ашылды, оның 2090-ы жұмыссыздар есебінен қабылдануда. Сонымен қатар, онлайн режимінде қысқамерзімді қайта даярлауға 677 адам, "Бастау-Бизнес" жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне – 368 адам оқуға жолданса, өз істерін ашуға және кеңейту үшін 158 адамға несие беріліп, 45 адам грантқа ие болды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады.
Тілші: Осы жастар тәжірибесі облыста қалай жүзеге асып жатыр?
Серік Қамидолла: Жастар практикасы жыл сайынғы ереже бойынша жоғары және одан кейінгі оқу орындарын аяқтаған түлектер үшін ұйымдастырылады. Қазіргі таңда дипломдарын алғанына қарай 265 жас түлек мемлекеттік, бюджеттік мекемелерге есепші, электрик, заңгер, тігінші, дәнекерлеуші, офис-менеджер, мұнай-газ, т.б. мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуда. Карантин жағдайына байланысты жекеменшіктегі мекемелерге жолдау уақытша азайды. Дегенмен, қазіргі таңда оларды қашықтан жұмыс жасау тәсілін қарастыру туралы мәселелер талқыланып жатыр.
Тілші: Қиын қыстау кезеңде қол ұшын созып, қолдау көрсетіп жатқан кәсіпкерлер аз емес. Атыраулық азаматтардың белсенділігі қалай?
Серік Қамидолла: Жалпы облыс бойынша 2020 жылғы 6 айында демеушілік көмек арқылы 4 745 адамға 54 млн 454 мың теңгеге, ал "Қамқор" қайырымдылық қоры арқылы 547 адамға 1 927,0 мың теңгенің көмегі берілді. Кәсіпкерлер қаражаттың басым бөлігін аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтуға жұмсады. Сондай-ақ, көпбалалы аналардың оқу ақысы, кейбір табыссыз қалған тұрғынның пәтерақысын да төлеп, қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, демеушілер арқылы волонтерлердің көмегімен дәрі-дәрмектер тарату арқылы көмек көрсетілуде.
Тілші: Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы балаларға әлеуметтік пакеттер берілді. Бұл қалай жалғасып жатыр. Балаларға қажетті азық-түліктері уақтылы жетіп жатыр ма?
Серік Қамидолла: 2020 жылдың 1 шілдесінде тұрмысы төмен, яғни облыстағы аз қамтылған 1387 отбасындағы 7899 адамға 352,0 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. ҚР Еңбек министрінің ай сайын атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларындағы 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет және тұрмыстық химия тауарларымен 1579 бала қамтылып, 8 млн 402 мың теңге төленді.
Тілші: Сонымен қатар, мүгедектерге берілетін көмек тоқтап қалған жоқ па? Олардың аппараттары, қажетті заттары уақтылы қамтылып жатыр ма?
Серік Қамидолла: Мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беретін әлеуметтік-еңбек саласында бірыңғай ақпараттық жүйе әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы әлеуметтік қызметтер және жеке бейімделуді талап етпейтін республикалық бюджеттен толық қаржыландырылатын техникалық құралдардың 24 түрі порталға ауыстырылды. Порталда мемлекет тарапынан оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің кепілдік құны төленіп, ал неғұрлым қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде мүгедектігі бар адаммен қосымша ақы төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Тілші: Теңіз кенішінде біраз жобалар тоқтап, аймақ тұрғындарының басым бөлігі жұмыссыз қалды. Оларды жұмыспен қамтуға басқарма қандай шаралар жасап жатыр? Жалпы Атырау облысы бойынша қанша адам жұмыссыздықпен тіркелген?
Серік Қамидолла: Жыл басынан шілде айына дейін жұмыспен қамту орталықтарына 15 068 адам хабарласып, оның 7 920-ы жұмысқа орналастырылды. Қазір 11 477 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.
Теңіз кенішіндегі тоқтап тұрған мекемелерде жаппай қысқарту болған жоқ. Қазіргі таңда оларды белгісіз мерзімге демалысқа жіберіліп, еңбекақылары 50-70 пайызы төленуде. 6 айда облыстағы 16 мекемеде жұмыс көлемі азаюына байланысты 186 адам жұмыстан қысқартылды. Оларға жұмыспен қамту орталықтарына тіркелу қажеттігі жөнінде ескертіліп, жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін әлеуметтік төлем алу мүмкіндіктері туралы түсіндірілді. Жұмыспен қамту орталықтарына оның 28-і тіркеліп, 10-ы-жұмысқа орналасты.
Тілші: Жыл сайынғы жүзеге асуы тиіс мемлекеттік бағдарламалар бар. "Бизнестің жол картасы" арқылы жұмыспен қамту қалай жүргізіліп жатыр?
Серік Қамидолла: Жалпы облыс бойынша жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бойынша ашылған жұмыс орындары қала, аудандардың есебімен мониторинг жасалады. Мыңдаған адам қайта даярлау курстарынан өтіп жатыр. Кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылуда. Өз ісін ашып, кәсіппен айналысуға ниеттілерге гранттар берілуде. Облыста қазіргі таңда 9678 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 20 орын, "Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы бойынша 4601 орын, "Өңірлерді дамыту бағдарламасы" бойынша 30 орын, "Бизнестің жол картасы" арқылы 12 жұмыс орны, Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 3 325 және Жеке бастамалар арқылы 1690 орын ашылды. Облыстық жұмыспен қамту басқармасына қарасты "Еңбек" бағдарламасымен есепті кезеңге 9 187 адам қамтылды.
Тілші: Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде қанша атыраулық әлеметтік жәрдемақы, яғни 42500 теңге алды. Жуықта бұл мемлекеттік көмек қайта іске асады. Атырау облысынан қанша азамат алуы мүмкін?
Серік Қамидолла: Төтенше жағдай кезеңінде облыс бойынша 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге 146 089 адамның арызы қабылданып, 144 364 адам алған болатын. Қазіргі жағдайға орай, шілде айына 42 500 теңге төленетін болады. Қазіргі төленетін 42 500 теңге төлеу жалдамалы қызметкерлер үшін жұмыс берушілер беретін болады, яғни зейнетақы жарналары жүріп тұрған жұмыс жасайтын азаматтардан арыздар қабылданбайды. Ал жеке кәсіпкерлер өткен жолғыдай өтінім беретін болады, зейнетақы аударылымдары тексерілмейді. Тек жергілікті "Атамекен кәсіпкерлік палаталарымен" расталатын болады. Алдыңғы жолы өз бетінше жұмыспен қамтылған бірыңғай жиынтық төлем төлеген адамдар үшін бұл жолы төлеудің қажеті жоқ, өткен жолғы төлемі есепке алынатын болады. Сонымен қатар, Каспий банк, Халық банкі арқылы арыздарды қабылдау тетігі қолға алынуда.