Атырау облысында 165 мыңға жуық гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер телімі ауыл шаруашылығы мақсатында алынғанымен, пайдаланылмай келген, деп хабарлайды BAQ.KZ El.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидің мәліметінше, биылғы сегіз айда мемлекет меншігіне 119 жер телімі қайтарылған.
Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатында игерілмей жатқан 201,82 мың гектар жер анықталды. Оның ішінде 17,67 мың гектары шара қолданудың нәтижесінде қайта игеріле бастады. Ал, 87,08 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Биылғы сегіз айда 164 826,85 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы 119 жер учаскесі мемлекетке қайтарылып отыр, - деп хабарлады Әлібек Ермекқали.
Оның айтуынша, мемлекетке қайтарылған жер телімдерінің 164 776,85 гектары жайылымдық, ал 50 гектары шабындық алқап болса, 3 гектары басқа мақсат үшін алынған.
Жер телімінің 164 326,85 гектарын иелері өз еркімен қайтарып берді. Қазір жергілікті атқарушы органдардың мамандары 97,07 мың гектар жердің игерілмеу себебін анықтау мәселесін қарап жатыр, - деді Әлібек Ермекқали.