Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Атырау облысында 15 су тазарту нысаны жаңартылды

Кеше, 20:45
233
Бөлісу:
 depositphotos.com
Фото: depositphotos.com

Атырау облысында ауызсумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, басты назар су қызметінің сапасын арттыруға бағытталуда. Бүгінде облыс халқының 99,9 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал елді мекендер бойынша бұл көрсеткіш 94,2 пайызды құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атырау қаласы мен Мақат ауданын ауызсумен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз ету мақсатында Атыраудағы №5 сүзгі стансасы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде тәулігіне қосымша 50 мың текше метр су беру мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар Атырау қаласында тәулігіне 180 мың текше метр су айдайтын жаңа сорғы стансасының құрылысы жалғасуда. Қазір жобаның 50 пайызы орындалды.

Өткен жылы облыста 15 су тазарту нысаны жаңғыртылып, тағы 14 нысан бойынша жобалау жұмыстары басталды. Одан бөлек қаладағы тозығы жеткен 72,5 шақырым су құбырының 46,4 шақырымы жаңартылды. Су жүйесін автоматтандыру нәтижесінде қаладағы су шығыны 7 пайызға қысқарды.

Айта кету керек, 2026 жылы Құлсары қаласында тәулігіне 18 мың текше метр су тазартатын заманауи станса пайдалануға беріледі. Бұл жоба өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік жасамақ.

Өзгелердің жаңалығы