Бұл туралы ОҚК-да өткен брифингте Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалы мен жергілікті әкімдік Жайық өзенінен келетін тасқын суын Каспий теңізіне бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша канал қазып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Мөлдір Әбдуалиева Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалының 4 каналында тасқын суын қабылдау үшін бос орын дайындалып жатқанын жеткізді.
Атап айтқанда, Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдарында суару кезеңіне жиналған су Каспийге жіберілді. Нәтижесінде Соколок каналы 2 млн текше метр, Сарыөзек каналы – 3 млн текше метр, Бақсай каналы – 7 млн текше метр және Нарын каналы – 4,5 млн текше метр су қабылдай алады, - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева министрлік әзірлеген Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына толықтырулар енгізілетінін айтты.
Құжат су тасқынының алдын алу және одан келетін шығынды азайту жөніндегі кешенді іс-шаралармен толықтырылатын болады. Әзірлеу барысында осы бағыттағы озық елдердің – Қытай, Нидерланды және т. б. тәжірибесі зерделенеді, - деді ол.