Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде биылғы 10 айдағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шәпкеновтың сөзінше, Атырау облысы елімізде инвестиция тартудан көш бастап тұр. Биыл өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде шетелдік тікелей инвестиция - 1,1 млрд АҚШ доллары.
Облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында да оң динамика байқалады. Биыл ірі қара малдың басы көбейіп, 223,8 мыңнан асты. Үй құстарының саны да 2 есеге өсті.
Баспасөз брифингінде Серік Шәпкенов әлеуметтік саланы дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарды да айтып өтті. Биыл Атырауда 7 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы алтауы, 2026 жылға қарай үшеуі пайдалануға беріледі. Биыл 4200 орындық 3 мектеп ашылды. Алдағы екі жылда 27 мектептің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде өңірдегі 9 үш ауысымдық 4 апатты мектептің мәселесі түбегейлі шешіледі деп күтілуде.
Аймақ басшысы биылғы тасқын кезінде атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Бұл ретте Жайық жағалауына 590 шақырым бөгет салынды. 30 шақырым канал тазартылып , қазылды. Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасында судың өтуін жақсарту үшін 10 шақырым аумақ тереңдетілді. 4 мыңға жуық техника жұмылдырылып, 25 мыңнан аса азамат еңбек еткен.
Облыста тұрғызылған бөгеттер мен гидроқұрылыстарды күтіп-ұстау үшін «Табиғат» мекемесі құрылды. Тасқынның алдын алу бағытында Жылыой ауданында бірқатар жұмыс атқарылуда. Құлсары қаласын, Шақпартоғай, Тұрғызба және Ақкиізтоғай ауылдарын қорғайтын бөгеттер салынады. Ұзындығы 6,6 шақырым болатын Күржем арнасын, Қамыскөл мен басқа көлдерді тазалау жоспарланып отыр. Қаңтардан бастап Атырау облысының жедел штабы өз жұмысын қайта бастайды, ол су тасқынына дайындық бойынша барлық шараларды үйлестірумен айналысады.
Брифинг соңында Серік Шәпкенов журналистердің сұрақтарына жауап берді. BAQ.KZ тілшісі шенеуніктен облыс орталығы – Атырау қаласының екі әкімшілік ауданға бөлінуі туралы сұрады. Шаһар дамуының бас жоспарына сай осындай өзгеріс болатыны туралы біраз уақыттан бері айтылып жүр. Шешім қабылданған жағдайда Атырау маңындағы кейбір елдімекендер қала құрамына қосылуы мүмкін. Бұл ретте онда тұратын кейбір мамандық иелері мемлекет тарапынан берілетін 25 пайыздық үстемақыдан айырылып қаламыз ба деп күдіктенеді.
2016 жылы қабылданған бас жоспарға сай қала екіге бөлінуі тиіс. Қала маңында ауылдық округтар статусындағы елдімекендер көп. Олардың барлығы бірігіп, осы екі ауданның құрамына кіруі тиіс. Ол жерде әлеуметтік қызметте істейтін тұрғындар бар. Міне, сол кісілерде осындай күдік болып отыр. Бірақ шешім әлі қабылданған жоқ, біз міндетті түрде халықпен ақылдаса отырып бір байламға келеміз. Қаланың бас жоспарына әлі де өзгерістер енгізілмекші, сол жұмыстар біткеннен кейін , біз елменен кеңесе отырып шешім қабылдаймыз – деді аймақ басшысы.