Атырау билігі қаладағы қар суы басқан ықшам аудандарды тазалап үлгермей жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тобықтан су кешіп, әбден қиналған тұрғындардың дені әлеуметтік желіде проблемаларын көрсетіп, бейнежазбалар таратуда. Ал шенділердің бірі де келмеді деп өкпелеген "Мирас" ықшам ауданының тұрғындары болса, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновты іздеп, әкімдікке өздері барды.
"Мирас" ықшам ауданының тұрғындары көмек күтіп, 1 апта үнсіз отырған.
Мен 1-інші топ мүгедегімін.Үйім суға кетіп қалды. Мына аяғымдағы етікпен әрең кіріп жүрмін. Жалғыз менікі емес, осы жерде тұрған мына тұрғындардың бәрі қиын жағдайда. Біз төтенше жағдай жариялауды сұраймыз. Бұрын, яғни 2015 жылы суға кеткен кезде сол кездегі жауаптылар Орал қаласынан техника әкеліп, көмек көрсетті. Қазір ешқандай көмек, жүйелі жұмыс жоқ. Қазірдің өзінде жағдайымыз оңып тұрған жоқ. Ертең күн тағы жылып, қар мен мұздың бәрі ерігенде, бұдан да бетер судың астында қаламыз,-дейді тұрғындардың бірі Наурызбай Тажаяқов.
Бұқараның базынасын тыңдап, мәселені түсіндіруге облыс әкімі Серік Шәпкенов келмеді. Орынбасары Нұртаев Қайрат Талапұлы ғана келген халықпен жиналыс өткізді.
Өздеріңіз білесіздер, былтырғыға қарағанда биыл облыста қар нормадан көп жауды. Соңғы бір аптада 1 айлық норма түсті. "Мирас" ықшам ауданының тұрғындары шағымдарын айтып келіп тұр. Бірақ, бұл жұмыс жүргізілмей жатыр деген сөз емес. Бұл қазір бір шешіммен ғана қабылданатын зат емес. Негізгі жоспарымыз, Талғайраң елдімекеніне канализациялық жүйе тартып жатырмыз. Шыңдау мекемесімен жоба жасақтап жатырмыз. Елдімекендерден құбыр тартып, сол канализациялық жүйеге қосуды ойлап отырмыз,-дейді Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Талапов.