Атырауға жұмысқа келетін шетелдіктерге берілетін квота көлемі азайды

28 Мамыр 2020, 12:43
2017
Бөлісу:
Атырауға жұмысқа келетін шетелдіктерге берілетін квота көлемі азайды
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында төтенше жағдай кезінде мемлекеттік еңбек инспекциясына жұмысшылар көп шағымданған. Арыздардың басым бөлігінде еңбекақы мен өтемақының уақытылы төленбеуі айтылған. 

Облыстағы мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметінше карантин кезінде барлық шағымдарды онлайн қабылдап, мекемелермен байланыс жасалып, жұмысшылардың 2,5 млн теңге шамасында жалақысы өндірілгенін айтады.

Сонымен қатар аймақтағы инспекция төтенше жағдайға дейін заңнамалары бұзған 40-тан астам компаниядан мемлекет қазынасына 88, 6 млн теңге айыппұл өндірген.

Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының жұртшылығымен кездесуде берген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, 30-дан астам шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарды тексеруге бастамашылық жасады. Осыған сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекция басқармасымен облыс аумағындағы 43 кәсіпорынды тексеру барысында еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 412 фактісі анықталды, оның ішінде 16 кәсіпорында шетелдік және жергілікті қызметкерлер арасында еңбекақы төлеу бойынша 109 сәйкессіздік фактісі анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жұмыс берушілерге 24 ұйғарым беріліп, 88, 6 млн теңгеден астам сомаға 264 әкімшілік іс қозғалып, 212 шетелдік елден шығарылды,-дейді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубәкіров.
Айтуынша бұл 200-ден астам шетелдіктің 43-і Ұлыбритания, 33-і Түркіменстан, 24-і Түркия және басқа да елдерден. Ал биылдан бастап облыс басшылары шетелдіктерге берілетін жұмыс квотасының көлемін азайтқан.Өткен жылы 17 мың квота берілсе, биыл тек 10 мыңнан астам шетелдік жұмысшы келе алады.

Сонымен қатар еңбек инспекциясы Теңіз кенішіндегі көптеген компанияларды тексеру барысында қазақстандық және шетелдік азаматтар арасында кемсітушілік фактілері,еңбекақыларындағы сәйкессіздік, жатын орындарындағы айырмашылықтар анықтаған. Осылайша Атырау облысы басшылары мұндай заң бұзушылықтардың алдын-алу үшін бірқатар шараларды қолға алған.

Еңбек және әкімшілік құқықбұзушылық кодекстеріне шетелдік және қазақстандық жұмыскерлер арасында кемсітушілік жол бермеу үшін жұмыскерлерге тең санитариялық-тұрмыстық жағдайлар жасау жөніндегі жұмыс берушілердің міндеттерін және оны сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік белгілеу туралы өзгерістер енгізілді. Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарды профилактикалық бақылаумен жыл сайын қамтуға мүмкіндік беретін тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне тиісті түзетулер енгізілді. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу қағидаларына, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты беру қағидалары мен шарттарына, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру кезінде талаптарды күшейді. Атырау облысы басшылары еңбек нарығын қатаң баылауда ұстап отыр,- дейді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубәкіров.

      

Өзгелердің жаңалығы