Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Атырау облыстағы әскери-патриоттық клубтардың «Саптық көрінісі» өтті. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 74 және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 24 жылдығына арналған шараға облыстық және қалалық білім беру басқармасы мен Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері қатысты.
Жас патриоттар слетына келген қонақтар облыстағы үздік әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінің дайындаған әскери қоян-қолтық ұрыс тәсілдері мен қару дефильесін және Батыс аймақтық әскери прокуратурасының жанынан құрылған кадет сыныбының әскери балдық биін тамашалады. Жас клубы оқу ордаларында арнайы үйірме ретінде ашылған күннен бастап оның тәрбиеленушілері үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген.
«Біздің алғашқы әскери дайындық кабинетіміз Айбын, Жас ұлан, Жас мерген, Жас снайпер секілді облыстық деңгейде үлкен сайыстар өткізеді. Алдағы уақытта да бірнеше әскери-патриоттық сайыстарға баруды жоспарлап отыр 15-16 маусым аралығында республикалық деңгейде «Айбын – 2019» әскери-патриоттық клубтарының слеті болады. Жас патриоттарымыз осы слетке қатысады»,- дейді Атырау аймақтық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының оқытушы-ұйымдастырушысы Айгүл Қапсалықова.
Шара соңында әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері мен жетекшілері арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Айта кетейік, Атырау облысындағы оқу ордаларында 200-ге жуық жас патриоттар клубы жұмыс жасайды.