Конституциялық реформаның тағы бір маңызды бағыты – атқарушы билік құрылымын жетілдіру, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы Арман Ешмұратов "Ашық саясат" сараптамалық клубының "Конституциялық реформа-2026: Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңі" атты отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, сарапшылар қауымдастығы ұсынылған өзгерістердің мықты және жетілдіруді қажет ететін тұстарын талқылап жатыр. Қоғам да бұл үдеріске белсенді араласуда.
Бұқаралық ақпарат құралдары, блогерлер мен азаматтар саяси жүйе туралы пікір білдіріп, талқылауға қосылды. Бұл саяси мәдениеттің жаңаруына әсер ететін маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Жаңа Конституция азаматтардың өміріне ықпал ете ме деген сұраққа сарапшылар оң жауап береді. Себебі Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, барлық заңдардың мазмұнын айқындайтын құжат, – деп түсіндірді департамент басшысы.

Пайымдауынша, жобада вице-президент лауазымын енгізу мәселесі де қарастырылуда.
Бұл бір жағынан атқарушы билік тікжүйесін күшейтсе, екінші жағынан сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған. Көптеген тұрақты саяси жүйесі бар елдерде вице-президент институты бар. Қазақстанда мұндай қызмет 90-жылдардың басында болғаны белгілі: алдымен Президенттің орынбасары, кейін вице-президент лауазымы енгізілді. Алайда кейін бұл институт жойылды. Қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайында атқарушы билікті күшейту қажеттігі айтылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, күрделі халықаралық ахуалда атқарушы билік икемді әрі берік болуға тиіс. Осылайша, конституциялық реформа тек парламенттік модельді ғана емес, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін де қайта қарауды көздейді, – деді Арман Ешмұратов.
Еске салайық, бұған дейін Арман Ешмұратов Халық кеңесі мен Құрылтай саяси жүйені қалай өзгертетіні туралы айтты.
Жанерке ЖӘКЕН