Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. NCOC компаниясының қолдауымен Атырау кіші өндірістер қорының 8 маманы Грузиядан келген сертификатталған халықаралық сарапшылардың "Иппотерапия" тақырыбындағы арнайы курсынан өтті.
Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Сарапшылар иппотерапияның (атқа мінгізу арқылы емдеу) кең спектрлі ауруларға шалдыққан балаларды дамыту мен оңалтудың ерекше әдістерінің бірі екенін мойындап отыр. Аттар мүмкіндігі шектеулі балаларға, сүйек-бұлшық ет жүйесінде ақауы бар, сондай-ақ, психикалық дерті бар балаларға оң әсер етеді.
Иппотерапияның балалар мен үлкендер үшін осындай оң әсерін есепке алып, NCOC компаниясы "Атырау. Маленькая страна" қоғамдық бірлестігінің бастамасына қолдау білдіруді ұйғарып, Грузиядан халықаралық жоғары санатты сарапшыларды шақыра отырып, сегіз маманның оқуын қаржыландыруға шешім қабылдады.
Дәріс өткізгендер:
- Хатуна Зауровна Саганелидзе - медицина ғылымдарының докторы, профессор, "Нью Вижен" университетінің медицина факультетінің деканы, Халықаралық иппотерапия мектебінің президенті, Грузия иппотерапия федерациясының вице-президенті. "Раидмед" оңалту орталығының директоры. Грузия Денсаулық сақтау министрлігінің оңалту жөніндегі сарапшысы;
- Лана Бокучава - медицина ғылымдарының доктор, профессор ассистенті, Тбилиси медициналық университетінің "Анатомия және физиология" кафедрасының меңгерушісі;
"Бізді грузиндік сарапшылардың шақыруының себебі, мынада: Грузия - иппотерапияны медицинаның бір саласы ретінде мемлекет деңгейінде мойындаған алғашқы мемлекет. Біздер иппотерапияның пайдасы туралы көптеген ақпаратпен қанықтық. Біздің жақсы тәжірибелік базамыз бар. Қазіргі таңда, дүниежүзінде иппотерапияға деген сұраныс жоғары", - деді "Атырау. Маленькая Страна" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев.
Дәріс тыңдаушылар Мақат, Құрманғазы аудандарынан және Атырау қаласынан келіп қатысты. Үш аптаға созылған оқу барысында сарапшылар оларға иппотерапиядағы ерекше оңалту процедураларының құпияларымен бөлісті.