Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Франция Республикасы Сенатының Сыртқы істер, қорғаныс және қарулы күштер жөніндегі комиссиясы делегациясының басшысы Валери Буайемен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараптар ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, парламентаралық өзара іс-қимылдың келешегіне және жаңа бірлескен жобалардың басым бағыттарына тоқталды.
Кездесу барысында Палата спикері меймандарға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Франция арасындағы сындарлы әрі стратегиялық байланысқа жоғары баға берді. Сондай-ақ ол Франция Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айтты. Мәулен Әшімбаев екі мемлекет арасында, ең алдымен, жоғары деңгейде тұрақты саяси диалог жолға қойылғанын да ерекше атап өтті.
Қазақстан мен Франция екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша берік байланыс орнатып, нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл – ең алдымен, жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалогтың нәтижесі. Соңғы үш жылда жоғары деңгейде маңызды сапарлар ұйымдастырылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Францияға ресми және мемлекеттік сапармен екі рет барды. Франция Президенті Эмманюэль Макрон 2023 жылы Қазақстанға ресми сапармен келді. Сол кездесулердің нәтижесінде екіжақты қатынастар берік стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы орайда Сіздің бұл сапарыңыздың да маңызы жоғары. Біз Қазақстан мен Франция арасындағы парламентаралық байланысты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз, – деп, Сенат төрағасы заң шығарушы органдар арасындағы байланысты жандандыру мәселесі жөнінде сөз қозғады.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жаңғыру үдерістеріне және республикалық референдумның қорытындысына назар аударды. Соның аясында жаңа Конституцияның қабылдануы саяси жүйені жаңғыртудың және құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды кезеңі екеніне баса мән берілді.
Өз кезегінде Валери Буайе парламентаралық ықпалдастықты арттырудың маңызы жөнінде айта келе, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін тілге тиек етті.
Сұхбат барысында тараптар парламентаралық байланыстарды дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, достық топтары және Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті, білім беру, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейту тетіктері назарға алынды.
Бұдан басқа, Сенат Төрағасы климат және су мәселелеріне қатысты күн тәртібі аясындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ, жасыл экономика мен атом энергетикасы салаларындағы серіктестіктің маңызы туралы өз пікірімен бөлісті.