Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясында “Атомдық энергетика: прогресс және қауіпсіздік” атты стратегиялық сессия өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сессия барысында Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясының (China National Nuclear Corporation Overseas) бас директоры Мао Явэй атом энергетикасының жаһандық даму келешегі туралы пікір білдірді.
Бұл — өте күрделі әрі өзекті мәселе. Бүгінде Қытай шетелде де белсенді жұмыс атқарып жатыр. Менің әріптестерім бүгін атап өткендей, атом энергетикасына қатысты ортақ келісімге келіп, болашақты бірге құру қажет. Бұл – тек энергия қауіпсіздігі емес, сонымен қатар климаттың өзгеруіне қарсы тұру жолындағы маңызды қадам, – деді ол.
Мао Явэйдің айтуынша, Қытай үшін атом энергетикасын дамытуда үш негізгі бағыт бар:
- Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, әсіресе атом энергиясын озық пайдаланатын елдермен;
- Жаңадан атом энергетикасын дамытқысы келетін мемлекеттермен тәжірибе алмасу – бұған Еуропа, АҚШ және Таяу Шығыс елдері жатады;
- Жеткізу тізбегін толыққанды қамтитын технологиялық мүмкіндіктерді ұсыну – жасанды интеллект пен заманауи технологиялар арқылы.
Ол сондай-ақ, Қазақстанды атом энергетикасы үшін әлеуеті жоғары ел ретінде атады.
Қазақстан үшін атом энергетикасы – жаңа бағыт. Бұл салада дамудың бастауында тұрсыздар. Біз Қытайда 70 жылдан астам тәжірибеге иеміз. Қазіргі таңда өндірістік жеткізу тізбегі толық қалыптасқан. Біз өз тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, өйткені атом энергиясы – тек бір елдің мәселесі емес. Бұл – бүкіл адамзаттың болашағына бағытталған технология, – деп түйіндеді Мао Явэй.