Атбасарда су тасқынына дайындық күшейтілуде

2 Сәуір 2021, 18:34
1878
Бөлісу:
Атбасарда су тасқынына дайындық күшейтілуде

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы көктемде тасқын қаупі бар Атбасардағы қар мен ылғал қоры орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болып отыр. Қазір жергілікті билік пен құтқарушылар су тасқынына дайындықты күшейтуде.

Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев департамент пен әкімдіктер бөлімшелерінің барлық күші мен құралы күшейтілген дайындыққа көшкенін мәлімдеді.

Су тасқыны кезеңіндегі жағдайға топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштері және оның қату тереңдігі сияқты өлшемдер әсер етеді. Биыл қар мен ылғал қоры - 16 пайыз. Жердің қату тереңдігі шамамен 160-170 см. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Болжамдық деректер 2017 жылға ұқсас, сондықтан дайындық күшейтілуде. Сәуірдің бірінші онкүндігінде біз ТЖД күштері мен құралдарының тобын жібереміз. Атбасарға 8 техника мен жеке құрамнан 16 адам келеді. Бұл негізінен су сорғыш техника, мотопомпалар, - деді өңірдің бас құтқарушысы.

Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның басқа облыстарынан да қосымша күш жұмылдырылуы мүмкін. Ақмола облысында су тасқынына қарсы жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Мұнда елді мекендердегі жағдай туралы ақпараттар жинақталады.

Қазір ТЖД жеке құрамның 500-ге жуық қызметкері, 90 бірлік техника, оның ішінде 12 жүзу құралы, 103 мотопомпа дайын, - деп нақтылады Нұрлан Атығаев

2021 жылға арналған облыстық бюджетте төтенше жағдайларға 643,4 млн теңге резерв қарастырылған. Қосымша 72 млн - ТЖД бюджетіне: ғарыштық және метеорологиялық мониторинг, жару жұмыстарына бағытталған.

Атбасар су тасқыны қаупі тұрғысынан үнемі «қызыл аймақта» болған. Әсіресе қала мен оған жақын орналасқан ауылдар 2017 жылы қатты зардап шекті. Жабай өзеніндегі су деңгейі «6,1 метр» белгісіне дейін көтерілді. Сол тұста салынған бөгет алты жерден шайылып кеткен. 400-ге жуық үй су астында қалып, 1400-ге жуық адамды эвакуациялауға тура келді. Жергілікті әлеуметтік нысандар да зардап шекті.

Атбасар қаласының әкімі Марат Асқаров атап өткендей, құтқарушылар су бұру каналдарын жөндеп, елді мекендерден қар шығарады, егістіктерді жыртады, су қоймаларының арықтары мен арналарын тазартады, түбін тереңдету жұмыстарын жүргізеді.

Бөгетті жыл сайын нығайтамыз. Бірақ оның салынғанына алты жыл өтті. Ақаулар, жарықтар бар. Егер Жабай өзенінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілмесе, бөгет төтеп бере алмауы мүмкін. Әсіресе Жабай өзенінің қала аумағындағы тұсын тазарту қажет. Облыс әкімдігі Жабай өзенінің түбін тереңдету және арнасын тазарту бойынша арнайы жоба әзірлеуде, - деп атап өтті Атбасар қаласының әкімі Марат Асқаров.

Су тасқынына дайындық 2020 жылы басталған. Су басқан жағдайда еріген қар суларын тартып шығару үшін жеке коммуналдық фирмалармен меморандумдар жасалды.

Қазгидрометтің мәліметінше, сәуірдің алғашқы онкүндігінде қар ери бастайды. Өзен жабайы өсімдіктерден тазартылып бөгеттер нығайтылды. Қазір өзенде мұз жабынын әлсірету және кептелісті жою үшін бұрғылау-жару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Инертті материалдар әкелінуде, - дейді облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Бүгінде Атбасардың «қызыл» аймағында 87 үй бар. Су тасқыны болған жағдайда отбасылар қауіпті аймақтан уақытша эвакуациялық пункттерге көшіріледі.

Өзгелердің жаңалығы