Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. От ортасынан оралмағандарды ұрпақтары жиі еске алады. Ал із-түзсіз жоғалған, қай жерде жерленгені белгісіз аталардың ұрпақтары не істеуі керек? Ұлы Отан соғысына 1 366 000 қазақстандық аттанды. Оның ішінде соғыстан оралмағандар саны 601 029 адамды құрады. Ал 271 503 солдат пен офицер хабарсыз кеткен, бұл елге оралмағандар санының 45 пайызына тең. Осы орайда «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Әлия Сағымбаевамен әңгімелескен едік.
Тектану: Атаңды ізде, азамат
Әлия Сағымбаева 18 жыл бойы психогенетик, тектанушы мамандығы бойынша қызмет етіп келеді.
Адамдарға жеке кеңес беремін. Жалпы адам не үшін тегін, ата-бабасын білуі керек деген тақырыптарға семинарлар өткіземін. Осы тақырыпты зерттей бастағанда бізде соғыста болғандардың ұрпақтары өте көп, яғни 80 пайызға жуық екеніне көзім жетті. Олар: жапон, фин соғысы, екінші Ұлы Отан соғысы, - дейді Сағымбаева.
Оның айтуынша, біздің қоғамдағы адамдардың 40 пайызы соғыста қаза тапқандардың ұрпағы.
Олардың 20 пайызы аталары туралы ештеңе білмейді. Адамдар әлі де олардың табылуын күтіп, іздейді. Атамның ағасы, әжемнің інісі еді дейтіндер әрбір отбасында бар. Мен сол отбасылардың трагедиясын, тегінің, мұңын түсіндім. Психологияда оны жабылмаған гештальт деп атайды. Сондай-ақ психологияда «жоғалтуды бейсаналық тұрғыда күту» деген түсінік те бар. Адамдар «әжем өмір бойы әкесін күтті, атам атасын іздеп өтті» деген оқиғаларын айтқан кезде еріксіз жылай бастайды. Мен оның адамдарға әлі де қаншалықты әсер етіп жатқанын көрдім. Бұл бойынша психологияда бөлек зерттеу бар, - дейді Әлия Сағымбаева.
Сағымбаева осыдан 10 жыл бұрын Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры Майдан Көмекұлы Құсайыновпен танысады.
Ол кісі-КСРО кезеңінен бері іздеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан іздеушілердің бірі. Өздерінің отрядтары бар. Ленинград облысында, Украина, Беларусь төңірегінде қазба жұмыстарын жүргізеді. Осы аймақтарда әлі күнге дейін мыңдаған солдаттың сүйегі жатыр. Суворовша айтқанда «соңғы солдат көмілмегенше, соғыс аяқталмайды». Қазақтарда «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Біз Майдан Көмекұлы екеуміз аталары жоғалған ұрпақтармен бірнеше кездесу өткіздік. Олардың іздеу отрядының атынан табылған аталардың ұрпақтарына медаль бердік. Сол жерде көз жастың көл болғанына куә болдық. Әлі күнге дейін егде жастағы әйелдің бейнесі есімде. Өзі 70 жастан асқан, әкесі іс-түссіз жоғалған. Майдан Көмекұлы оның әкесін архивтен іздеп тапты. Ол соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқан екен. Іздеуші отряд оған медаль табыстады. Ол кісі сол медальді алып туған-туыстарына «менің әкем сатқын емес, батыр болған» деп айтып жүріпті, - дейді ол.
«Атамның аманатын» орындау
«Атамның аманаты» бірлестігінің құрылтайшысы атап өткендей, Кеңес кезінде із-түзсіз жоғалғандардың мәселесі жабық болды.
От ортасынан оралғандардың ішінде жарақаттан ерте қайтыс болғандар, ұзақ жасағандар да болды. Қаза тапқандардың отбасыларына хабар келсе, оны еске алып, құран бағыштайтын мүмкіндік бар. Ал із-түзсіз жоғалғандардың тағдыры трагедияға толы. Олар болды ма, болмады ма ешкім білмейді. Кеңес кезінде олардың саны экономикалық және әлеуметтік мақсатта айтылмады. Себебі жәрдемақы, зейнетақы төлеу керек болды. Сондықтан да жоғалғандарды сатқын деп жариялады. Біз бір адамның атасын Украинадан таптық. Сүйегі жерленбеген, қалдықтары табылды. «Майдангердің медальоны» бойынша ұрпақтарын таптық, - деді ол.
Сағымбаева атап өткендей, қазір соғыстан кейін 80 жыл өтті. Қоғамның санасы да, көзқарасы да өзгерді.
Оны қоғам еркін көтере алады. Із-түзсіз жоғалғандар ерлікпен қаза тапқанын, батыр болғанын, концлагерьде, госпитальдарда қаза тапқаны туралы хабар беруге болады. Біз барлық іздеушімен ортақ тіл таба алмадық. Осылайша, 2019 жылдың мамырында мен және мен сияқты көзқарастағы 11 адам «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігін құрды. Біздің мақсатымыз – барлығын естеу сақтау. Қазір көбі ұжымдық жарақат деп айта бермейді. Қазір ондай жағдай Украина, Ресейде қайталанып жатыр. Бұл патриоттық тәрбие, себебі біздің аталарымыз кім болғанын ұрпақ білуі керек. Қазақстандық девизиялар ерлікпен қаза тапты. Ленинград пен Мәскеудң түбінде батырлықпен шайқасты. Соғыста қазақтар орыс және украин халқынан кейін ең көп қырылған халық, - деді Сағымбаева.
Ол отандастарын өз аталарын іздеуден қорықпауға шақырады.
Мен үшін сатқын деген сөз жоқ. Көбі ерлікпен шайқасты, батырлықпен қаза тапты. Біз қазақстандықтардың тегінде кім із-түссіз жоғалғанын есіне түсіріп, бізге өтініш беруін қалаймыз. Бұл – өте маңызды. Қоғам олардың атасының ерлігін ұмытпағанын білуі керек. Қазір «Рухани жаңғыру» дейміз. Қабанбай, Бөгенбай батырларымыздың рухын қалай жаңғыртамыз? Егер де осыдан 75 жыл бұрынғы аталарымыздың рухын ұмытып кетсек. Сондықтан бұл патриоттық, идеологиялық, тәрбиелік, психологиялық, саяси мәнге ие. Қазақстанның барлық өңірі мен Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан елдерінен өтініштер келіп жатыр. Біз оларды бөле-жармаймыз. Себебі соғыс кезінде барлығы бір ел болды. Олар бірге соғысты, - деді ол.
Кім айтады атам қайда жатқанын?
Сағымбаева атап өткендей, қоғамдық бірлестікте тісқаққан 3 іздеуші бар. Олар ерікті ретінде жұмыс істейді. Жұмыстары үшін ешкімнен қаржы алмайды.
Біз бұл жұмыстарды волонтерлік негізде істейміз. Мейірхан Байбатырова, Гүлнар Тоқтамысова, Айгүл Айтова архивтен іздейді. Бос уақытында, кейде түнгі 2-де де жазып отырады. Ол бойынша біз тізім әзірлейміз. Қазір 5 мыңнан астам өтініш бар. Ұлы Отан соғысына қатысқан мемлекеттердің елшіліктерімен келісімге отырдық. Іздеу отрядтары қайда бар екенін де іздеп таптық. Ресей, Украина, Болгария, Мажарстан, Франция, Молдова, Польшадағы іздеу отрядтарымен тығыз байланыстамыз, - деді Әлия Сағымбаева.
Оның айтуынша, қоғамдық бірлестіктің жұмысы туралы өзге ел білген соң, тізімдер келе бастаған.
Финляндия, Норвегиядан тізімдер келді. Норвегиядағы концлагерьде жатқан қазақстандықтың топырағы Шудағы ұрпақтарына тапсырылды. Біз осылайша ұрпақтарына аталарының жатқан жерлерін тауып беретін болдық. Олар жерленген елге бармаса да, бір уыс топырағын жеткізуді сұрайды. Осы орайда бізге Сыртқы істер министрлігі көмек көрсетеді. Қорғаныс министрлігі де қол ұшын береді, - деді ол.
Сағымбаеваның айтуынша, кейде бір адамды іздеп отырып, оның қасына жерленген бірнеше азаматты тауып алатын жағдайлар кездеседі.
Олардың тізімін жасап, ұрпақтарын іздеумен айналысамыз. Бұл кері байланыс үлкен нәтиже берді. Көп облыста біздің үйлестірушілер бар. Олар әкімдіктерге барады. Әкімдіктердің де кейбіреуі қабылдайды, кейбіреуі қабылдамайды. Мысалы, Қостанай мен Ақтөбе облыстарының әкімдіктеріне ризашылығымды білдіремін. Ал Түркістан мен Шымкент әкімдіктеріне ренжіп кеттік, олар бізді қабылдамады, - деп жеткізді ол.
Туған жердің топырағы
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі 3 жылда 9 атаның мәйітін елге әкеліп жерледі.
Соғыс болған жерлерде көмілмей қалған мәйіттер бар. Ресей, Украина, Беларусь елдерінің іздеу отрядтары көктемде тағы іздеу жұмыстарын жандандырады. Ресей мен Украинадан 9 атаның мәйіті шықты. Олардың ұрпақтарын таптық. Нақты сүйек табылса, ол бір жыл сақталады, осы уақыт аралығында ұрпақтарын іздейді. Табылмаса, бірге болған сүйектермен жерлейді. Ресейліктер таңғалады, себебі тек қазақтар атасының сүйегін алып, еліне жерлегісі келеді. Бұл орайда бізге Қорғаныс министрлігі көмек көрсетеді. Елге алып келіп, жерлеу рәсімін де патриоттық тұрғыда өткізуге тырысамыз, - дейді Сағымбаева.
Оның айтуынша, кейбір адамдар атасының мәйітін міндетті түрде елге жеткізуді ойлайды.
Кейбір адамдар дұрыс түсінбей жатады. Егер атасының жерленген жері, зираты табылса, оның сүйегін жеткізе алмаймыз. Себебі ешбір мемлекет жерленген солдаттың мәйітін бермейді. Тек басына барып, құран бағыштауға болады.Туған жердің топырағын апаруға болады. Әрине, бұл да оңай жұмыс емес. Елге жеткізілгендер жерленбеген солдаттардың мәйіті, - деді ол.
Әлия Сағымбаева іздеу жұмыстары қалай жүсеге асырылатынын атап өтті.
Іздеу жұмыстарын архив арқылы жүргіземіз. Ал архивтің барлығы Ресейде орналасқан. Ол архивтердің 30-35 пайызы әлі де ашылмаған. Оның беттерінде қанша солдаттың есімі бар екені бізге беймәлім. Волонтерларға қалай іздеуге болатынын үнемі үйретеміз. Жалпы түріктілдес елдер жауынгерлерінің аты-жөні бұрмаланып жазылған. Мысалы, «Бейсенбай» деген адамның атын «Висили» деп жазған. Қай жақтан келгенін де қате жазатын кездер бар. Аты, туған жері қате жазылса, әйелінің атын сұрастырамыз. Іздеушілердің жұмысы оңай емес, - дейді ол.
Тұтқындағылардың тағдыры
Дегенмен қоғамдық бірлестіктіктің адал қызмет етіп жатқанына күмәнмен қарайтындар да бар екен.
Бізді кейбір адамдар түсінбейді. Таныстарының аталарын іздейді деп ойлайды. Біз мемлекеттен бір тиын алып отырған жоқпыз. Кейде таныстарымыз материалдық көмек көрсетеді. Қалған жұмыстардың барлығын өз қаржымызға жүзеге асырамыз. Тұтқынға түскен атасының сүйегі табылған ұрпақтар намыстанып, үндемей қояды. Осындай жағдайларда іздеушілеріміз ренжиді. Тұтқынға түскендердің де тағдыры қиын. БАҚ арқылы айтқымыз келетіні, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырыстар берсе, атаңызды тауып береміз деп кепілдік те бере алмаймыз. Бірақ іздеу парыз, - деді ол.
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігіне 4443 өтініш келіп түскен. Мыңнан астам адам табылған. Волонтерлар жоғалғандардың 71 туысын іздеп тапқан.