Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Осы ретте Л.Н.Гумилев атындағы Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимов өз пікірімен бөлісті.
1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция өз әлеуеті арқылы бүгінгі таңдағы жаһандық тегеуріндерге сәйкес өз қызметін атқарып отыр. АҚШ заңгері Т.Пейннің «Конституция - мемлекет алдындағы үрдіс, ал мемлекет - Конституцияның нәтижесі» деген пікіріне сәйкес, еліміздің дамуы Ата заңымызды айқындалған басымдықтар негізінде жүргізіліп отыр. Дүниежүзі мемлекеттерінің конституциялық тәжірибесіне орай біздің елімізде де 1998, 2007, 2011, 2017 жылдары конституциялық реформалар жүргізілді. Осы құқықтық жаңғыртулардың нәтижесінде мемлекетіміз әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерімен қатар дамып келе жатыр, - деді Жамаладен Ибрагимов.Қазақстан Конституциясы әзірленгенде 20-ға жуық әлем мемлекетінің тәжірибесі пайдаланылды.
Озық мемлекеттердің үлгілерімен қатар еліміздің даму ерекшеліктері, болмысы ескерілді. Өйткені өзінің тарихи тамырын Дала Конституциясынан алатын Қазақ елінің құқықтық мұрасы құнды тәжірибеге өте бай. Еліміздің ерекшелігін ескеріп, әлемдік тәжірибені негізге алған Ата заңымыз 30 озық елдің қатарына қосылудың құқықтық негізін қалыптастырды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2019 жылғы Жолдауында «конституциялық патриотизм» ұғымына баса назар аударылды. Осы орайда әрбір қазақстандық Ата Заңымызды құрметтеп, оның әр бабын өз өмірінде тиімді түрде қолдана білуі қажет. Өйткені Ата заң құқықтық мәдениеттің, мемлекет тұрақтылығының негізі, - дейді сарапшы.