Енді ата-аналардың төлқұжатына балаларының фотосуреті жапсырылмайды

13 Мамыр 2019, 15:55
2714
Бөлісу:
Енді ата-аналардың төлқұжатына балаларының фотосуреті жапсырылмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта ІІМ 16 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарымен бірге шетелге шығу кезінде фотосуреттерін олардың төлқұжаттарына жапсыру талабын алып тастау бойынша еліміздің заңнамаларына түзетулер енгізуде, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Қазақстанда биометриялық төлқұжаттарды беру (электрондық чиппен) 2009 жылдан басталды.

"Ана-аналардың төлқұжатына балалары туралы қолмен енгізілген жазбада биометриялық мәліметтер болмайды, сол себептен шекарадан өту кезінде проблемалар туындап, кей жағдайда азаматтар кері қайтарылып жатады", - делінген хабарламада.

Әлем бойынша құжаттық-визалық бақылаудан өткізу, жеке басты анықтау шаралары жетілдірілуде және биометриялық мәліметтері бар құжаттар (цифрлық фотосуреттер, саусақ таңбалары, көздің шатырша қабығының кескіні және т.б.) енгізілуде.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандықтар көп баратын елдерде (АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ, Италия, Испания, Франция, Чехия, Словения, Хорватия, Греция, Венгрия, Польша, Германия, Швейцария, Швеция, Қытай, Оңтүстік Корея және басқалары) сол мемлекетке ата-аналарымен келген балалардың төлқұжаты болуы міндетті. Ал ата-ананың төлқұжатына балалардың фотосуреттерін жапсыру құжат ретінде мойындалмайды.

Ата-аналардың төлқұжатына фотосуреттерді жапсырудан бас тарту бірінші кезекте шет елде қиын жағдайда тап болуы мүмкін балаларды қорғауға және оларды шетелге заңсыз тасымалдау тәуекелдеріне байланысты болып отыр.

Балаларға төлқұжат тек шетелге шыққанда ғана қажет, республика аумағында оның жеке басы тууы туралы куәлікпен, үлкен азаматтар жеке куәлігімен расталады.

"Қазір жазғы демалыс жақындап келеді. Осыған байланысты ІІМ шетелге баруды жоспарлаған ата-аналарға басқа мемлекеттің шекарасынан еркін өту үшін өздерімен баратын балалардың төлқұжаттарын күні бұрын рәсімдеуге кеңес береді", - деп ескертті ІІМ-де. 

Өзгелердің жаңалығы