Ат абзелдерін жасайтын Ардақ Абдуллин

Бөлісу:
Ат абзелдерін жасайтын Ардақ Абдуллин
Фото: жеке мұрағатынан

"Ер қанаты – ат". Атбегілікпен айналысып, жылқыны қолға үйреткен ер азаматтар көп. Осыған орай ат абзелдерін жасайтын шеберлер де сұранысқа ие. Солардың бірі –Ардақ Абдуллин. BAQ.KZ тілшісі есімі ел аумағынан тыс шетелге де белгілі ат әбзелдерін жасайтын ұстаның жұмысымен танысып қайтты.

Тарихқа көз жіберер болсақ, қазақ халқының мал шаруашылығына, әсіресе, жылқы мен ат үсті ойындарына арнап тапқырлаған қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрмандары өте көп. Ата кәсібімізге байланысты құрал-саймандарға, жабдықтарға халқымыз жай ғана еңбек құралы деп емес, өнер туындысы ретінде қараған. Шебердің жұмысына разы болған тапсырыс берушілер ер-тұрман әбзелдерінің ешкімнің мүлкіне ұқсамайтындай, мейлінше әдемі жасалуын қадағалаған.

Ат абзелдерін жасайтын Ардақ Абдуллин

Ол Аса ауылында осы ұсталық өнермен айналысып, республиканың түкпір-түкпіріне өз өнімдерін ұсынуда. Шебер Ардақтың бұйымдары тек Жамбыл облысы былай тұрсын, республика көлемінде, тіпті Ресей, Қырғыз, Өзбекстан елдерінің көкпаршыларына да кеңінен танымал. Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылының өзінде тұрып, еліміздің түкпір-түкпіріне ат әбзелдерін ұсынып жүрген кәсіпкерді бұл іске баулыған әкесі. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бала кезден әкесінің осы іспен айналысқанын көріп, қасында қолғабыс етіп жүрген. Бертін келе өзі де машықтанып, бастапқыда бос уақытында айналысатын ермек етіп бастады. Кейін ұлттық құндылықтарға сұраныстың көп екенін байқап, кәсібін нәсіп етті. Ол бүгінде ер-тоқым, қамшы, етік, бөрік жалпы атбегілікпен тұрақты айналысатын арнайы көкпар командалар мен түрлі ұлттық сыйлықтарға тапсырыстар қабылдай бастады. Өз ісін ауласындағы шағын сарайда атқарады. Әлеуметтік желілерден көріп, қажетті адамдар еліміздің түкпір-түкпірінен-ақ тапсырыс беруде.

Ат абзелдерін жасайтын Ардақ Абдуллин

Осы кәсіпке себепші болған адам ол әкем. Ол осы қамшыны 2000 жылдан бастап, 2017 жылға дейін жасады. Ол кезде сұраныс аз еді. Бірақ қазіргі жастардың көкпарға деген қызығушылығы мол. Сондықтан бос уақытымда айналысатын сүйікті ісім бүгінде кәсіп көзіне айналды десем де болады. Бастапқыда тек қамшы жасайтынмын. Қазір осы кіші ғана сарайда ер-тоқым, етік, бөрік жалпы көпаршылар не қажет, барлығын шығарамыз. Бұл іс отбасылық кәсіп десем де болады. Қасымда бауырларым да қолғабыс етеді, - дейді шебер.

Ұлттық құндылықты ардақтап, бала жастан ат кәсібін ардақтаған Ардақ қолөнеріне көптің қызығушылыған да арттырған. Бүгінде еңбек адамына ат әбзелдерінің жасалу жолын білмекке қызығушылық танытатындар бар. Ол бұл істі қолға алу үшін адамға ең әуелі төзімділік пен ұқыптылық қажет дейді. Сәл қалт кетсең, өнімің келбетін жоятынын, сапалы шығуы бұзылатынын жеткізді.

Аллаға шүкір, қарап тұрсаң, кім алады деп ойлайтын шығар. Бірақ, бұл заттарға сұраныс өте жоғары. Қазір оның үстіне әлеуметтік желі арқылы тапсырыстар келіп, барлық жақта біздің өнімді сұрап, іздеп келетіндердің қатары көп. Ат әбзелдеріне қажетті заттарды өзім дайындаймын. Ерінбеу қажет, бастаған істі аяғына дейін жеткізу қажет деп өзім санаймын. Кейбір адамдар келеді, «маған үййретші деп». Айту оңай, бірақ бұл саланы толық меңгеру үшін аз дегенде бір жылдан аса уақыт қажет. Әр жұмыстың өзінің қиындығы мен қуанышы қатар жүреді. Кейде ұсақ-түйек жұмыстарына келіп, осыны қоя қойсам ба деп қоямын. Бірақ, бұл кәсіп менің ес білгелі көрген, ісім. Сол сияқты кейде бойымды қуаныш кернейді. Өз өнімдерімді түрлі ұлттық жарыстарда көріп, бойыма мақтаныш сезім оянады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүргеніме қуанамын. Осы сезім мені алға жетелейді. Айтпағым, сабыр керек, ынта-жігер қажет, - деп сөз сабақтады ұста.

Жас келсе – іске. Жас та болса да, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Ардақтың ендігі арманы, өз ісін кеңейте отырып, қазақы құндылықты жоғалтпас үшін осы кәсіпті өзінен кейінгілерге дәріптеу. Осы ретте шын ниет білдірген жадарға ат әбзелін жасауды үйретуге де, баулуға да әзір екендігін білдірді. Жылқына жабдықтауға қажетті ер-тоқым, ноқта, қамшы, тұсау, шылбыр үзеңгі, тоқым, тартпа тіптен көкпаршылар киетін киімдер мен етіктер де ұлттық оюлармен көмкерілетін бұйымдарға сұраныс көктем, күз мезгілінде арта түседі. Тіптен ұлттық ат спорты федерациясы құрамындағы шабандоздар мен көкпаршылар тұрақты тұтынушыларымызға айналды дейді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген кәсіпкердің бұл ісі – отбасылық кәсіп десек те болады. Ардақтың аға-інілері, тіпті қарындасы да ұсталық өнерден алшақ емес. Ұлдардың мұндай өнерге табиғаты жақын, Ардақ әсіресе қамшы өруге әбден машықтанған қарындасының шеберлігін сүйіспеншілікпен айтып отырады. Өз теңін тауып, тұрмыс құрған қарындасы отбасылық кәсіптен қол үзіп қалған. Үлкен ағасы да жұмыс бабына байланысты елордаға қоныс аударған. Бүгінде інісі Мейіржан екеуі ер-тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, айыл, тіпті қамшыға дейін жасайды. Сондай-ақ сатылымдарында «өзбек ер», «қырғыз ер», «Қарахан ер» сынды ерлердің түр-түрі бар.

Бастапқыда бұл істі ағам екеуміз 2010 жылы бастадық. Бірақ ол басқа іске кетіп, қасыма інімді тарттым. Осылайша 24 жыл екеуміз бірге айналысып келеміз. Сенімді серіктесім десем де болады. Екеуміз бір-бірімізді айтпай-ақ түсінісеміз. Ат әбзелдерін жасау барысында пайдаланатын шикізаттардың барлығы өзіміздің облысымыздан. Тараз қаласындағы «Былғары аяқ киім» зауытынан шыққан таза өнімдер.. Бұйымның сапалылығына қатты мән беремін. Өйткені, бізге сан емес, сапаға сұраныс жоғары болғаны дұрысырақ. Ал киізді Қырғызстаннан алдырамын. Атбегілік – қанымызда бар қасиет. Сол себептен осы кәсіпті жаңғыртқымыз келді. Ата-бабамыздан қалған мирас қой. Оның үстіне әкем ұста болғандықтан кәсібім жаныма тіптен жақын, - дейді Ардақ.

Кәсіпкер бұл ретте мемлекеттен қолдау болса деген ниетін жеткізді. Иә, ер-тұрман жасау үшін білек күшпен қатар рухани байлық пен парасат керек. Ат әбзелдерінің қыр-сырына зер салған сайын осы кәсіпке деген қызығушылық артады. Мұны жастайынан әкесінің қасында жүріп, жылқы малына жақын өскен шебер де мойындап, бүгінде өмірлік кәсібінің кілтін осылайша, тауып отыр.

Ат абзелдерін жасайтын Ардақ Абдуллин

 

Өзгелердің жаңалығы