Асырап алған баладан бас тартқан отбасыларға айыппұл салу керек - депутат

7 Қыркүйек 2023, 14:28
1000
Бөлісу:
Асырап алған баладан бас тартқан отбасыларға айыппұл салу керек - депутат
Фото: Артём Чурсинов - архив

Амангелді Толамисов асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару мәселесіне алаңдаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елімізде бала асырап алғысы келетіндердің саны азаймағанымен, асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл туралы депутаттық сауалында сенатор Амангелді Толамисов айтты.

Парламентшінің айтуынша, соңғы 5 жылда асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару фактілері 64 пайызға артқан. Ал асырап алған баласынан бас тартқан ата-анаға мемлекет тарапынан берілген 75 АЕК көлеміндегі қаражатты мемлекетке кері қайтару, алимент төлеу және екінші рет бала асырап алу мүмкіндігінен айыру сияқты құқықтық жауапкершілік шаралары заңда қарастырылған. Мұндай жағдайлар баланың психикалық денсаулығына қатты әсер етеді. Сонымен қатар балалар еңбегін пайдалану фактілері де тіркелген.

Бала асырап алушыларды 3 жылға дейін толық бақылауында ұстап, арнайы сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп отыратын Бала асырап алу ұлттық агенттігі бар. Аталған агенттік аясында ата-аналарға сүйемелдеушілік көмек, психолог, заңгер сынды мамандардың қызметі ұсынылады. Алайда, бұл агенттіктің мүмкіндігі барлық ел аумағын қамтуға әлі де жетпейтіні белгілі. Бұдан келіп туындайтын мәселе - бала асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс жасайтын орталықтардың ауқымын кеңейту, әлеуметтік қызметкердің санын көбейту қажет, - деді Амангелді Толамисов.

Бала асырап алушылардың салдары туралы хабардарлығын арттыру да жағдайды жақсартуға септігін тигізуі керек деп санайды сенатор. Ол осыған байланысты eGov.kz порталына тиісті ақпаратты енгізуді ұсынады.

Аталған ақпараттардың қатарына асырап алынған баланы қайтару орын алса, оның заң алдындағы жауапкершілігі туралы ақпарат та енгізілсе. Сонымен қатар бала асырап алушы ата-аналарға арналған арнайы мамандандырылған мектеп немесе орталықтардың жұмысын кеңейту маңызды. Белгілі бір уақыттан кейін асырап алған баладан бас тартқан отбасыларға заң жүзінде жауапкершіліктерін әлі де болса күшейту, моральдық шығын ретінде қомақты мөлшерде айыппұл салу мәселесі қарастырылу керек, — деді Амангелді Толамисов.

Өзгелердің жаңалығы