Атырауда асық ату мен бес асықтан ел кубогі басталды. Оған ерлер және әйелдер командаларынан барлығы 70-ге жуық спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Мәдениет және спорт министрлігі, Атырау облысы әкімдігі мен Асық ату республикалық федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан сайысқа асық атудан – 36, бес асықтан 32 спортшы бақ сынауда.
Асық ату республикалық федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржановтың айтуынша, ел кубогін өткізудегі мақсат – ұлттық ойынды насихаттап, асық атуды ұлттық спорт ретінде дамыту.
Қазақ халқының ұлттық ойыны қатарында асық ату мен бес асық та бар. Бұл ойын ептілікке, мергендікке баулиды. Атырау облысында мұндай сайыс алғаш рет өткізіліп жатыр, - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова.
Ел кубогі Атырау қаласында «Геолог» спорт кешенінде өтіп жатыр. Жеңімпаздар 1 қарашада анықталады.