Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 27 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.
Келіссөздер барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылайды және кездесу қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қояды деп жоспарлануда, - деп жазды ол.
28 қарашада мемлекет басшысы Бішкек қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады.
Іс-шаралардың күн тәртібінде Ұйым жұмысы аясындағы өзара іс-қимылдарға қатысты көптеген мәселелер қарастырылып, ҰҚШҰ-ның биыл атқарған жұмыстары бойынша басым бағыттардың жүзеге асырылуы қорытындыланады деп жоспарланған.