Асылжан Бектай ауыр атлетикадан Азия чемпионы атанды

14 Қазан 2022, 09:45
1643
Бөлісу:
Асылжан Бектай ауыр атлетикадан Азия чемпионы атанды
PHOTO

Қазақстандық зілтемірші Асылжан Бектай Бахрейн астанасы Манамада өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында 89 келіге дейінгі салмақта топ жарды, деп хабарлайды BAQ.KZ kazsports.kz сілтеме жасап.

Қызылордалық спортшы жұлқа көтеруде 165 келімен күміс медаль алса, кейін 197 кг тасты серпе көтеріп, алтынға қол жеткізді. Жалпы есепте 362 килоны еңсерді. 

Күмісті Асылжаннан небәрі бір келіге қалып кеткен қырғыз Эмиль Молдодосов (361 кг) жеңіп алса, қола ирандық Масуд Шатраиге бұйырды (358 кг).

Асылжан Бектай ауыр атлетикадан Азия чемпионы атанды

Осы салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық Кирилл Староверкин жалпы есепте 330 келімен (153+177) 7-орынға тұрақтады.

Асылжан 2017 жылы Бангкокте (Тайланд) өткен ауыр атлетикадан 17 жасқа дейін жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ол 2000 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 7 сыныптан бастап ауыр атлетика секциясына қатысып келеді. Бұған дейін жасөспірімдер арасында екі мәрте Қазақстан чемпионатының (2015, 2017 жж.) және Кубогының (2016 ж.) күміс жүлдесін иеленді. Ауыр атлетикадан ҚР спорт шебері. Бапкері – Қалдыбай Тоқбаев.

Айта кетейік, осыған дейін Манамада Зульфия Чиншанло жеңімпаз атанып, Арли Чонтей қола жүлдеге ие болған.

Өзгелердің жаңалығы