Астананың сол жағалауында тұрғын үй кешендерінің аумағында түлкі көрінгені туралы қала тұрғындары хабарлады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, жыртқыш жануарды таңертең «Дарын» балабақшасының жанынан және Триумфаль аркасы маңынан байқаған. Тұрғындардың сөзінше, шамамен сағат 09:00-де түлкі Бөкейхан даңғылы бағытына қарай жүгірген.
Құрметті көршілер! Назар салыңыздар, Park Avenue бағытына аулаға түлкі жүгіріп өтті. Бұған дейін ол «Дарын» балабақшасының аумағында болған. 09:00 шамасында Триумфаль аркасы маңынан Бөкейханға қарай жүгіргенін көрдім, – делінген тұрғындар чатының бір хабарламасында.
Куәгерлер жариялаған бейнежазбада түлкінің тұрғын үй кешенінің ауласына кіріп, кейін сыртқа қашып кеткені расталады.
Біздің кешен аумағына түлкі кіріп, қайта шығып кетті. Барлығыңыз сақ болып, абай болыңыздар, – деп ескерткен тұрғындар.
Тұрғын үй кешені өкілдерінің айтуынша, қызметкерлер аумақты аралап, тексеру жүргізіп жатыр.
Бұл факті бойынша 109 қызметіне өтініш қалдырылды, – деп нақтылады олар.
Бұған дейін Баянауылда адамнан қорықпайтын түлкі жұртты таңғалдырғаны жайлы хабарланған еді.