Астананың оқушылары мектепте телефон қолданудан бас тартты

28 Қазан 2024, 14:43
1149
Бөлісу:
Астананың оқушылары мектепте телефон қолданудан бас тартты
Фото: pixabay.com

Астанада 24 мектепте оқушылар телефондарын арнайы ұяшыққа салып қояды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаланың білім басқармасы хабарлағандай, білім сапасын арттыру мақсатында Астана мектептерінің бірқатар білім беру ұйымында "Смортфонсыз мектеп" жобасы іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, олар №1, №4, №7, №8, №17, №18, №25, №28, №29, №32, №34, №43, №46, №48, №52, №58, №70, №73, №76, №77, №87, №93, №103, №108 мектептері.

Оқушылар бірінші сабақтың алдында ұялы телефондарын арнайы ұяшықтарға салып қояды.

Мамандардың айтуынша, мұндай шара оқушылардың ойлау қабілеті мен психологиялық денсаулығына оң әсер етеді.

Осыған дейін Астана қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушылары буллингке қарсы тұру мақсатында білім ордасында ұялы телефонды пайдаланудан біржола бас тартқанын жаздық.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы оқушылардың сабақ кезінде телефон ұстауына тыйым салатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын.

Өзгелердің жаңалығы