Астананы Ақмолаға көшіруді Елбасы өз мүддесі үшін жасаған жоқ – Бекболат Тілеухан

28 Наурыз 2019, 12:26
2483
Бөлісу:
Астананы Ақмолаға көшіруді Елбасы өз мүддесі үшін жасаған жоқ – Бекболат Тілеухан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Мирас" кеңесінің мүшелері елордаға Елбасы есімін беру туралы шешімге қолдау білдірді.

Зиялы қауым екі мәселе төңірегінде талқылау жасады. Біріншісі - елорданы "Нұр-Сұлтан" деп өзгертуді қолдаудың маңыздылығы болса, екіншісі "Nur Оtan" партиясының ХVІІІ съезінде қабылданған 2030 жылға дейін "Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты" атты бағдарламасын іске асырудағы "Мирас" республикалық кеңесінің рөлі. Жиналғандар осы екі тақырып негізінде өз пікірлерін ортаға салды.

"Мирас" республикалық кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдерінің аталған мәселелер бойынша пікірлері тұшымды болды. Тәуелсіздігімізді алып, егеменді ел болуымызда Елбасының еткен ерен еңбегіне ешкімнің де күмәні жоқ екендігі айтылды. 

"Сонау 1998 жылы Жетісудың жылы желі ескен Алатаудың баурайы Алматыдан аязы азынаған Ақмолаға көшуді Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мүддесі үшін жасаған жоқ. Сарыарқаның төріне жаңа астананың қазығын қаққан Елбасының сол кездегі көреген саясаты елді алға қарай жетеледі", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан. 

ҚР Президентінің Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қоюы Елбасы салған бағыттың жалғасатынын білдіретіндігін, дер кезінде жасалған шешім болғанын зиялы қауым өкілдері тілге тиек етті. 

"Халық арасында "Қаланың атын өзгерту қыруар қаржыны қажет етеді", "Барлық құжаттарды ауыстыру керек" деген сияқты алып-қашпа әңгімелер жүріп жатыр. Мен сіздерге осыған байланысты Әділет министрлігінің ақпаратын жеткізгім келіп отыр. Елорда атауының өзгеруі азаматтарға сатып алу-сату, сыйға тарту, ауыстыру, пайдалануға қабылдау сынды жылжымайтын мүліктің құқын белгілейтін құжаттарды, сонымен қатар туу туралы, өлгені туралы, неке қию/бұзу туралы азаматтық хал-ахуал актілерін тіркеу құжаттарын ауыстыру міндетін жүктемейді. Аталған құжаттарда елорданың бұрынғы атауының жазылуы оларды жарамсыз қылмайды", - деді Бекболат Тілеухан.

Саясаттың заңымен 1998 жылғы тарихтың жабулы қазан жабулы күйінде қалған ескі парақтарын ақтарған Қуаныш Сұлтанов дәл сол кездегі Елбасының қаншама қарсылыққа қарамастан белін бекем буып, астананы көшіріп, жасаған әрекетінің бүгінгі жемісіне ерекше қуанды. 

"Көршінің көлеңкесіне сіңіп кетер қаупі төнген өңірлеріміздің бүгінде өркендеп келе жатқаны Елбасының арқасы екенін жасырмады. Елорданы Тұңғыш Президентіміздің атымен атау орынды", - деп атап өтті Қуаныш Сұлтанов.

Қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков "Біткен іске сыншы көп" дей келе, қаншама дана тұлғалардың қазақ тарихында болғандығына, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының орны ерек екенін баса айтты. 

"Қазақ жақсылыққа жақсылық жасай білетін, ізгілікке алғысын айта білетін халық емес пе? Бейбіт заманда, көзінің тірісінде неге құрметтеп, төбемізге көтермеске?!", - деген ой түйді Мырзатай Жолдасбеков

Екінші мәселе бойынша, "Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты" атты бағдарламаның жүзеге асырылуын "Мирас" республикалық кеңесі басты назарда ұстайтын болды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов Елбасының "Nur Оtan" партиясының ХVІІІ съезінде Қазақстан әлеуметтік мемлекет екендігіне ерекше тоқталып, халықтың әл-ауқатын көтеруді тапсырғанын және бұл бағдарламаның маңызына тоқталды.

Ал, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі аталған құжаттың шалғайдағы ағайынның жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама болатынын және бұл "Nur Оtan" партиясының нағыз халықтық партия екендігін дәлелдейтінін атап өтті. 

Астананы Ақмолаға көшіруді Елбасы өз мүддесі үшін жасаған жоқ – Бекболат Тілеухан

"Нұр-Медиа" холдингі Бас директорының орынбасары Максим Споткай "Мирас" республикалық кеңесі алдағы уақытта бағдарлама негізінде мониторинг жасап, жағдайды бақылау керек деп ұсыныс айтып, Елбасының саясатын жалғастыру үшін бағдарламаны тиісінше жүзеге асыру керектігін атады. 

Астананы Ақмолаға көшіруді Елбасы өз мүддесі үшін жасаған жоқ – Бекболат Тілеухан

Жасалған ұсыныстың барлығын қайта қарап, "Мирас" республикалық кеңесінің мүшелері іске кірісетін болды.

Өзгелердің жаңалығы