Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астаналықтар көліктерін автотұраққа тегін қоюға мүмкіндік ала ма, жоқ па? – Нартай Аралбайұлы

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
5 Наурыз 2025, 11:29
930
Бөлісу:
 Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутат Нартай Аралбайұлы Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында ақылы тұрақтар мәселесін қайта көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конституцияның 6-бабына сүйенетін болсақ, еліміздегі жердің иесі халық екенін білеміз. Мемлекет тек қана меншік құқығын жүзеге асырушы, бірақ мемлекет сол халықтан, яки жердің иесімен ақылдаспай-ақ, 2018 жылдан бері осы қаладағы барлық қоғамдық жердегі ақылы автотұрақтар құрды және оны жекеменшік компанияларға беріп тастады, - деді депутат. 

Оның мәліметінше, соңғы үш жылда (2021-2024)  ақылы автотұрақтарға астаналықтар 726 млн теңге төлесе, соның 617 млн-ы жекеменшік компанияның қалтасына кеткен. 

Бұл бюджеттен тыс кетті деген сөз. Сондықтан осы ақылы автотұрақтарға қатысты нақты сұрақ. Осы ақылы автотұрақтарды құру және оны жекеменшік компанияларға беру туралы идеяның авторы кім? Соны маған атап берсеңіз. Екіншіден, әкімдік мамандарымен жұмыс істеген кезде осы 2025 жылдың 1 маусымына дейін ақылы автотұрақтардың барлығы жекеменшік компаниядан әкімдіктің иелегіне өтеді деген, яки мемлекеттің меншігіне өтеді. Ендеше осы автотұрақтар мемлекеттің меншігіне өткеннен кейін халық қоғамдық жерлерді тегін пайдалануға, сол жердерде көліктерін тегін қоюға мүмкіндік ала ма, жоқ па? – деп сұрады Нартай Аралбайұлы.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев ақылы тұрақтарды 2018 жылы әкімдік құрғанын атап өтті. 

"Парковочное пространство Астаны" деген жеке компания. Шыңғыс Садуов - директоры, қателеспесем, өзі құрылтайшы. Қазіргі таңда Астана қаласының әкімдігі мен сол компания арасында келісімшартты бұзу туралы қол қойылды. Мүлікті мемлекетке өткізу жұмыстарын жүрігізіп жатырмыз. Алдағы уақытта тек мемлекеттік мекеме бұл жұмыспен айналысады. Ақылы тұрақтар – ірі қалаларда халықаралық деңгейде қолданылатын бір механизмнің бірі, - деп түсіндірді ол.

Нартай Аралбайұлының сөзінше, 2018 жылдан бастап 2022 жылдың желтоқсанына дейін ақылы автотұрақтан түскен ақшаның 95 пайызы жекеменшік компанияға кетіп отырған. 

5 пайызы ғана қаланың бюджетіне кетті. Бүгінге дейін 75 пайызы жекеменшік компанияға кетті, 25 пайызы ғана бюджетке түсіп отырады. Енді сіздің сөзіңізден ұққаным ақылы автотұрақтарды құру және оны жекеменшік компанияға беру туралы шешім Астана қаласы әкімдігінің шешімі болды, - деп қоса кетті депутат.

Өзгелердің жаңалығы