Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарына күзгі шақырылушылардың алғашқы командасы Қонаев қаласында орналасқан десанттық-шабуылдау құрамасына аттанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Болашақ десантшыларды шығарып салуға «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ өкілдері, әкімдік қызметкерлері, әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Астаналық әскерге шақырылушы жастар Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 32363 әскери бөлімінде қызмет ететін болады.
Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықовтың айтуынша, күзгі науқан барысында мерзімді әскери қызметке 1000-нан астам жас жігіт шақырылады. Елордадан Қонаев қаласына аттанған алғашқы партияға 40 адам кіріп отыр.
Өздеріңіз білетіндей, әскерге шақырылған алғашқы командалар әрқашан ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі. Қазіргі таңда оларды жасақтау аяқталуға жақын.
Әскерге шақырылушы Алдияр Науқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет етуді бала күнінен армандағанын айтады.
Мен элиталық әскерлер қатарына шақырылғаныма қуаныштымын. Бала күнімнен "Көк тарландары" сериялын көріп өстім. Олардың парашютпен секіргенін көріп, мен де сондай десантшы болсам деп армандайтынмын. Менің атам әскери қызметте болған адам. Ал әкем танк құрамасында қызмет етті. Ол кісілердің әскер туралы әңгімелері маған да қанат бітірді, – дейді болашақ десантшы.
Әскерге шақырылушыларды шығарып салу шарасы шағын концертпен аяқталды.