Астана Халықаралық мектебінің оқушылары IV республикалық мектеп кәсіпкерлігі чемпионатының жеңімпаздары атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Байқау ENACTUS Kazakhstan компаниясының Қазақстандық кеңсесі мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясының қолдауымен өтті.
Биыл іс-шараға 17 облыстан 70 команда қатысты. Олар екі күн бойы жетекші кәсіпкерлер мен ENACTUS бағдарламасының өкілдеріне БҰҰ-ның 17 тұрақты даму мақсатына сәйкес келетін бизнес жобаларын таныстырды.
Астана Халықаралық мектебінің тобы екі жобаны ұсынды:
Бірінші жоба Jurmek – жүрек соғысын есептеп, деректерді лезде жіберетін портатив ЭКГ.
Екінші жоба Minavto – көлік жүргізу кезінде жүргізушінің ұйықтап кетуіне жол бермейтін білезік пен камера.
Бұл сайыс оқушыларымыз үшін сынақ болды. Бірақ олар одан сүрінбей өтті. Олардың пайдалы жобалары болашақта жаһандық деңгейде бұдан да кеңірек танылып, ауқымды болады деп сенеміз, - деді мектеп директоры Айдар Болатов.
Оқушылар жобаны былтыр қазан айында бастаған.
Аянбай еңбек етіп, жобаларымызды дамыттық. Конкурсқа 2 команда қатысты. Нәтижесінде біз 1-орынды алдық, - деді оқушылар.
Айта кетейік, ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO республикалық мектеп кәсіпкерлігі чемпионаты – Enactus халықаралық қауымдастығы жыл сайын өткізетін байқау. Онда жас кәсіпкерлер чемпиондық атаққа таласады.