Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бас шаһардағы мектеп тапшылығын қалай шешетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл елордада 24 мектеп салынып жатыр. Қазір 18 мектептің құрылысы аяқталды. Келесі жылы тағы 15 мектепті қолданысқа береміз деп отырмыз. Жалпы жыл сайын мектепке баратын балалардың саны 20 мыңға көбейіп жатыр. Сондықтан жыл сайын 10-15 мектеп салынуы керек. Қазіргі таңда бұл жоспарымызды іске асырып отырмыз, - деді Қасымбек ОКҚ-да өткен брифингте.
Оқу орындары қаланың барлық ауданында, соның ішінде тұрғын алаптарда да салынып жатыр. Мысалы, желтоқсан айында Үркер тұрғын алабында жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Оқу орны екі ауысымда 4 мың оқушы орнына есептелген. Қазіргі уақытта №69 мектеп-лицейінде балалар үш ауысымда оқиды. Осылайша, жаңа мектеп толып кету мәселесін шешеді. Балалар жаңа мектепте үшінші тоқсаннан бастап оқиды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматта 24 мектеп салынады. Бұл оқу орындары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.
Астанада осы жылдың соңына дейін тағы бірнеше мектеп ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, алдағы жылдарға да дайындық жүріп жатыр. Мысалы, 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салынып, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін қала әкімі Астанаға жаңа 300 автобус әкелінетінін айтқан еді.