Астанаға бағыт алған ұшақтың қозғалтқыш қаптамалары ұшу кезінде ажырап кетті

Екатеринбургтен шыққан ұшақ ұшқаннан кейін көп ұзамай техникалық ақауға байланысты әуежайға қайта қонды.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 20:12
Бүгiн 2026, 20:12
247
Фото: pixabay.com

Екатеринбургтен Астанаға бағыт алған Red Wings әуе компаниясының Superjet ұшағында қозғалтқыш қаптамалары ажырап кеткені хабарланды. Бұл туралы Aviation Hub Instagram парақшасы мәлімдеді.

18 маусым күні Red Wings әуе компаниясына тиесілі SSJ100 ұшағы Екатеринбург – Астана бағыты бойынша рейс орындап жатқан кезде екінші қозғалтқыштың қаптамалары ажырап кеткендіктен, ұшып шыққан әуежайына қайта оралуға мәжбүр болған.

Экипаж ақауды ұшақ көкке көтерілгеннен кейін бірден дыбыс арқылы және көзбен байқап анықтаған. Оқиға туралы ұшақты жерден бақылап отырған диспетчер де хабарлаған.

Зақым келгеніне қарамастан қозғалтқыштар қалыпты режимде жұмысын жалғастырған, ал ұшақтың барлық жүйесі штаттық тәртіпте қызмет еткен.

Әуе кемесінің командирі отынды жұмсап болғаннан кейін Екатеринбургке қайту туралы шешім қабылдаған. Қону сәтті өтті, ешкім зардап шеккен жоқ.

Бұл соңғы үш жыл ішінде Superjet ұшағымен болған осындай сипаттағы төртінші оқиға. Бұған дейін дәл осындай жағдайлар «Россия» және «Азимут» әуе компанияларының ұшақтарында тіркелген.

Алдыңғы тексерулердің қорытындысы бойынша қозғалтқыш қаптамаларының техникалық қызмет көрсетуден кейін дұрыс бекітілмеуі негізгі себеп ретінде аталған болатын. Осыдан кейін Ресейдің авиациялық билігі техникалық қызмет көрсету сапасына бақылауды күшейтуді және ұшақтарды қосымша ескерту белгілерімен жабдықтауды ұсынған.

Жаңа оқиғаның нақты себептерін Ресейдің авиациялық ведомствосы құрған арнайы комиссия анықтайтын болады.

Наверх