Астанаға Түркияның «Мехтеран» әскери оркестрінің музыканттары келді

5 Шілде 2023, 13:35
815
Бөлісу:
Астанаға Түркияның «Мехтеран» әскери оркестрінің музыканттары келді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Түркия Республикасы Ұлттық Қорғаныс министрлігінің «Мехтеран» әскери оркестрі «Астана – мәдениет керуені» І халықаралық әскери- музыкалық фестиваліне қатысу үшін Қазақстан астанасына ұшып келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осман империясынан бері келе жатқан «Мехтер» әскери оркестрін әлемдегі әскери оркестрлердің түпкі атасы деп санауға болады. Оның тарихы Осман империясының негізін салушы Осман Газиге 1289 жылы мырзалық құзіретін берген Анадолы әміршісі Селжұқ ІІ Гиясеттин Месуттің жіберген арнайы кернейшілер тобынан басталады. Тарихта «Мехтер» соғыс майданында ойнаған музыкасымен әскердің ұлттық рухы мен көңіл-күйін көтеріп, жауларының үрейін тудырған.

XV ғасырдың ортасында Мехмед Фатих Стамбулды жаулап алған кезеңде бұл әскери оркестр ойнаған музыканы барлығы, оның ішінде билеуші де орындарынан тұрып тыңдаған деп есептеледі.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Осман империясы әлсіреп, Сұлтан Махмуд II билік жүргізген кезеңде «Мехтер» таратылып кетті. Өйткені Сұлтан батыстық дәстүрлерді қабылдауға тырысты. Алайда бұл уақытта янычар оркестрі Еуропада өте танымал болатын. Көптеген мемлекеттер өздерінің әскери оркестрлерін құрып жатты. Ал композиторлар (мысалы, Моцарт) өз шығармаларында янычар музыкасының элементтерін қолданды.

1954 жылы теңдессіз оркестр қайта дәуірледі. «Мехтеран» оркестрінің музыканттары күні бүгінге дейін Осман империясы кезіндегі костюмдерде өнер көрсетіп келеді.

Түркия әскери өнерпаздарының өзге шетелдік оркестрлермен бірге алғашқы қойылымы 6 шілде күні Есіл жағалауындағы жазғы амфитеатрда өтеді. Музыканттар өз бағдарламаларын Мехмет Али Бейдің «Плевна маршы» шығармасымен ашпақ. Құрамында 70 адам бар оркестрді полковник Айдын Ердем басқарады.

Өзгелердің жаңалығы