Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанадан Тяньцзиньге дейін: Тоқаевтың Қытайға сапары мен Пекиннің Қазақстанға көзқарасы

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
5 Қыркүйек 2025, 12:22
746
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға кезекті сапары елдің сыртқы саяси бағыты мен экономикалық дамуы тұрғысынан ерекше маңызға ие болды. Бұл сапардың мән-маңызы туралы Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов жан-жақты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға кезекті сапары халықаралық дипломатияның жаңа стратегиялық кезеңіне сәйкес келді деп айтсақ болады. Өйткені осы сапардың мән-мазмұнын түсіну үшін оны кең геосаяси контекстте қарастыру қажет. Мәселен, көптеген сарапшылардың пікірінше, Орталық Азияда АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік жаңа динамика туғызуда. Сондықтан Қазақстанның осы түсте өзінің стратегиялық дербестігін сақтай алуы еліміздің болашағы үшін шешуші маңызға ие, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты қазіргі күрделі жағдайда жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан ел инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тәуекелдерді азайтуға ұмтылуда.

Жаңа келісімдер және гуманитарлық серіктестік

Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммиті аясында Қазақстан мен Қытай энергетика, технология, гуманитарлық және экология салаларын қамтитын 20-дан астам құжатқа қол қойды.

Бұл құжаттар сауда-экономикалық, мұнай-газ, энергетика, қаржы, көлік-транзит сияқты негізгі бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Президенттің сөзімен айтсақ, екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті, – деп атап өтті Майгельдинов.

Тоқаев 2025 жылды Қазақстанда Қытай туризмі жылы деп жариялап, мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Елімізде екінші және үшінші “Лу Бань” шеберханалары ашылды, сондай-ақ Бейжіңде Қазақ мәдени орталығы ашылатын болды.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин де Қазақстанды “жақын көрші, адал дос және ортақ тағдырға бағытталған мәңгілік серіктес” деп сипаттады.

Инвестициялар мен өндірістік жобалар

Қытай бүгінде Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі саналады. Инвестициялар негізінен пайдалы қазбалар, металлургия мен энергетика саласына бағытталғанымен, соңғы жылдары көлік-логистика, өндірістік парктер мен ауыл шаруашылығына да салынып келеді.

Астанадан Тяньцзиньге дейін: Тоқаевтың Қытайға сапары мен Пекиннің Қазақстанға көзқарасы
автордан

Мысалы, қытайлық “Синопек” компаниясымен бірлесіп Атырау облысында полиэтилен шығаратын мұнай-химия зауыты салынып жатыр. CNPC қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылды. Баламалы энергия саласында China Power International Holding сияқты алыптармен серіктестік орнатылып, жел және күн электр станцияларына инвестициялар тартылуда. Бұл жобалар – қытайлық технология мен капиталдың қазақстандық нарыққа енуінің айқын көрінісі, – деді саясаттанушы.

Транзиттік дәліздер және Орта коридор

Сапарда транзиттік бағыттарға ерекше көңіл бөлінді. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) әлеуетін арттыруға уағдаласты. Жақын жылдары осы дәліз арқылы жүк тасымалын жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Тоқаев Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінде бұл бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту үшін теңіз порттары мен логистикалық хабтар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет екенін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі

Қытайға сапар барысында ауыл шаруашылығы саласы да басым бағыттардың бірі ретінде қаралды.

Бейжіңде өткен бизнес-форумда Президент Қазақстанның астық экспорт әлеуетін ерекше атап өтті. Таяу жылдары Қытайға астық экспортын жылына 2 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қытайдың озық агротехнологияларын тарту арқылы Қазақстан еңбек өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, көрші нарықтарға экологиялық таза өнім экспортын ұлғайта алады, – дейді Майгельдинов.

Технологиялық трансформация және цифрландыру

Қазбек Майгельдинов атап өткендей, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты – технология және цифрлық трансформация. Қытай инвесторлары “ақылды қалалар” жобаларына қатысуға мүдделі.

Электронды сауда саласында Alibaba Group пен JD.com қазақстандық кәсіпкерлерге Қытай нарығына шығуға мүмкіндік беруде. Ал Alipay пен WeChat Pay жүйелерінің енгізілуі транзакцияларды жеңілдетіп отыр.

Жалпы Қытаймен цифрландыру бойынша серіктестік Қазақстанға заманауи технологияларды тартып, жаңа шешімдерді енгізуге жол ашып отыр. Бірақ бұл процесте Қазақстан өзінің технологиялық егемендігін сақтап қалуы керек. Яғни отандық IT мамандарын даярлау, жергілікті стартап экожүйесін қолдау арқылы сыртқы технологиялық экспансияны теңгеріп отыру маңызды, – деп түсіндірді сарапшы.

Сондай-ақ Си Цзиньпин жаһандық жасанды интеллект орталығын құруды ұсынса, Тоқаев Астана хаб аясында өңірлік жасанды интеллект орталығын құру бастамасын көтерді. Бұл Қазақстанның теңгерімді саясат жүргізіп отырғанын көрсетеді.

Экологиялық ынтымақтастық және су қауіпсіздігі

Сапар барысында экология мәселесі де назардан тыс қалмады. Президент Тоқаев ШЫҰ аясында Су зерттеу орталығын Қазақстанда ашуды ұсынды. Бұл бастама су тапшылығы, шөлейттену және мұздықтардың еруі сияқты ортақ проблемаларды зерттеу және шешуге бағытталған.

Қытайдың Қазақстанға көзқарасы

Сарапшының айтуынша, Қытайдың ресми көзқарасында Қазақстан ерекше жылы лебізбен аталады.

Қытай үшін Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі өз мүддесіне сай. Өйткені бейбіт әрі өркендеген Қазақстан – Қытайдың батыс шекарасының қауіпсіздігі мен Еуропаға шығатын басты терезесі. Сондықтан Бейжің Қазақстанның ішкі істеріне араласпайтынын мәлімдеп, елді саяси тұрғыда қолдайды, – дейді Майгельдинов.

Сарапшының айтуынша, Тоқаевтың Қытайға жүйелі сапарлары Қазақстан үшін экономикалық әрі саяси мол мүмкіндіктер ашуда.

Әрине, белгілі тәуекелдер де бар. Бұл – қарызға тәуелділік немесе климаттық-экологиялық қауіптер. Бірақ Қазақстан жаңартылған энергетикаға көшу қарқынын үдетіп, экологиялық стандарттарға бейімделуде. Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан-Қытай байланысының жаңа белеске шығуына толық мүмкіндік бар. Сауда көлемі артып, инвестициялар жалғасады, өңдеу инфрақұрылымы дамиды. Сонымен қатар адами капитал да күшеймек. Екі ел арасындағы студенттер алмасуының артуы халықтар арасын жақындатады. Бұл фактор Қазақстан үшін ерекше құнды, – деп түйіндеді саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.

Өзгелердің жаңалығы