Күн сайын елордада қар тазалау жұмыстарында 2,5 мыңнан астам жол жұмысшысы және мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылады. Қаланың коммуналдық қызметтері боран мен аязға қарамастан тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
19-ынан 20 желтоқсанға қараған түнде қар полигондарына 1297 ауыр жүк рейсімен 16 мың текше метр қар шығарылды.
20 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қала көшелерінен қар мен мұзды тазалауға 2,6 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1 400-ден астам арнайы техника шықты.
Қыс мезгілінің басынан бері елордадан 94 713 рейс арқылы 1,2 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.
Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.
Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.
Төтенше жағдай туындаған кезде "112" телефонына хабарласыңыз.