Астанадағы Жеңіс шеруі қалай өтетіні белгілі болды

Кеше, 14:42
202
Бөлісу:
Астанадағы Жеңіс шеруі қалай өтетіні белгілі болды
Фото: Ұлттық ұлан

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Астанадағы Жеңіс шеруіне қызу дайындыққа кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жеңіс шеруіне Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланынан 400-ден астам әскери қызметшісі қатысып, жоғары кәсібилігін және дайындығын көрсетеді. Шеру әскери қызметшілердің сап түзеуі, әскери техниканың көрсетілімі және авиацияның әуеде ұшып өтуі секілді үш кезеңнен тұрады.

Ұлттық ұланнан әскери қызметшілерден тұратын екі колоннаның сап түзеп өтуі жоспарланған. Оның бірін күн сайын Қазақстанның барлық қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін патрульдік-бекеттік қызметтің әскери қызметшілері құрайды. Ал екінші колоннамен арнайы мақсаттағы "Бүркіт" бөлімшесінің әскери қызметшілері сап түзеп өтеді, - делінген хабарламада.

Айта кетсек, бұл бөлімше жуырда UAE SWAT Challenge халықаралық жарысында үздік ондыққа енген болатын.

Бұдан бөлек, шеруге үлгілі-көрсетілімдік оркестр мен іс-шараны ұйымдастыруға жауапты әскери қызметшілер де қатысады. Олардың қатарында жүргізушілер, техника жетекшілері, медициналық қамтамасыз ету мамандары және экипаж мүшелері бар.

Сонымен қатар Ұлттық ұланның 17 әскери техникасы да шеруге жұмылдырылады. Олардың ішінде Барыс 6х6 және Cobra II ерекше көзге түседі. Аталған броньды көліктер кепілге алынғандарды босату, маңызды нысандар мен көлік колонналарын қорғау бойынша тапсырмаларды орындау кезінде жоғары мобильділік пен маневрлік мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Ал Урал ВВ және Алан-2 техникасы күзетілетін нысандарға шабуыл жасалған жағдайда қолдау көрсету және қорғанысты күшейту үшін қолданылады.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 7 мамырда Қазақстан астанасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеру өтеді. Биылғы шерудің ерекшелігі – сап түзеген колонналар әскери жылдардағы киім үлгісінде болады, сондай-ақ алғаш рет Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдер жауынгерлік туларын салтанатты алып өтеді.

Жалпы, шеруге 4,5 мың адам қатысады. Оның ішінде тарихи бөлімдер де болады, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың көрсетілімі ұйымдастырылады.

Өзгелердің жаңалығы