Астанадағы жәрмеңкеге Қостанай облысының өнімдері қойылды

17 Қазан 2021, 15:53
4836
Бөлісу:
Астанадағы жәрмеңкеге Қостанай облысының өнімдері қойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында кезекті 12-ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр, бұл жолы елордаға Қостанай облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін жеткізді.

Жәрмеңке әдеттегідей «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанындағы арнайы ұйымдастырылған алаңда өтіп жатыр. 16-17 қазан күндері Қостанай облысының 14 ауданы мен үш қаласынан 50-ден аса кәсіпкер өз өнімін саудаға шығарды. Облысқа қарасты Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Жітіқара, Қарабалық, Қарасу, Қамысты, Қостанай, Меңдіқара, Наурызым, Сарыкөл, Таран, Федоров, Ұзынкөл аудандарының, сол сияқты Арқалық, Рудный, Қостанай қалаларының өнімдерін алуға болады.

Федоров ауданының тауар өндірушілері жалпы салмағы 3,5 тонна сиыр, қой етін жеткізіп отыр. Сол сияқты ауданымызда өндірілген 20 тонна күнбағыс майын алып келдік. Бағалары кіреберісте көрсетілген. Жыл сайынғы өндіретін өнімдеріміздің көлемі өсіп келеді, – дейді Федоров ауданы әкімінің орынбасары Арнұр Сартов.
Таңалакеуімнен жәрмеңкеге жиналған елордалықтардың қарасы қалың. Дегенмен ара қашықтық сақтау, маска тағу секілді карантин шаралары толықтай сақталған.

Қостанай өңірінің кәсіпорындары бас-аяғы 270 тонна көлемінде 100-ден аса өнім түрін жеткізіп отыр. Олардың арасында 50 тонна ет, 31 тонна сүт өнімі, 20 тонна шұжық өнімі мен жартылай фабрикаттар, 27 тонна жарма мен макарон өнімдері, сол сияқты 60 тонна картоп пен көкөніс, 20 тонна ұн өнімдері бар.

Бұдан бөлек өнімдердің арасында нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, бал және т.б. басқалар бар.

Мал шаруашылығымен айналысамыз. Биыл өңірде мал жайылымы жақсы болды. Бәрі семіз. Етімізді алған жұрт дәмді екенін айтып жатады. Қостанай облысымен ғана шектеліп қалмай, елорда тұрғындарына да жеткізіп отырғанымызға қуаныштымыз. Мемлекет кәсіпкерлерге барынша жағдай жасап отыр. Осындай мүмкіндік берген Нұр-Сұлтан мен Қостанай облысы әкімдіктеріне алғысым шексіз, – дейді Бекжан есімді сатушы.
Жәрмеңкеге жиналған жұрт Қостанай облысы тұрғындарының арасында аса сұранысқа ие, танымал «Милх» ЖШС, «ДЕП» ЖШС, «Лидер-2010» ЖШС, «Баян Сұлу» АҚ, «Тэрра», «Промбаза 7» ЖШС, «Торғай Ет» ЖШС және т.б. өнімдерін сатып ала алады. Ал жәрмеңкедегі баға дәстүрлі түрде нарықтан 10-15 пайызға арзан.

Айта кету керек, биыл елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында көкөністер мен жемістердің пісу уақытына сай 14 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Бүгінге дейін еліміздің әр өңірінен 550-ден аса кәсіпкер елорда төрінде өз өнімін саудаға шығарды.

Ауыл шаруашылығы өңірлік жәрмеңкелерінің маусымы Нұр-Сұлтанда 31 қазанға дейін жалғасады. 21 тамыздан бастап бүгінге дейін Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Маңғыстау облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы