Елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымын қорытындылаған соңғы жәрмеңке өтті. Бұл жолы өз өнімдерін Ақмола облысының аграршылары ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Ақмола облысының 100-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушілері мен өңдеу кәсіпорындары қатысты.
Жәрмеңке сөрелерінде ет және шұжық өнімдері, жаңа ауланған балық, жұмыртқа, сүт пен сүт өнімдері, ұн, картоп және көкөністерді қоса алғанда, жалпы көлемі 460 тоннадан асатын 50-ге жуық азық-түлік түрі сатылымға шығарылды.
Бір күнге жоспарланған жәрмеңке елорда тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнімдер делдалсыз сатылғандықтан, баға нарықтағыдан едәуір төмен болды.
«Жәрмеңкеде біз өз өнімдерімізді делдалсыз ұсынамыз, сол арқылы астаналықтар сапалы әрі арзан бағада тауар сатып алады. Барлық өнім тез сатылып кетті. Біз төртінші жыл қатарынан қатысып келеміз, тұрақты клиенттеріміз де бар», – деді сүт өнімдерін сатушылардың бірі.
Жәрмеңке барысында Ақмола облысының өнерпаздары елорда тұрғындарына арналған концерттік бағдарлама ұсынды.
«Біздің мақсатымыз – өндірушілер мен тұтынушыларды біріктіріп, елордалықтарға табиғи фермерлік өнім ұсыну. Бұл өңірдің сапалы азық-түлік өндіруге және елорда нарығын қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екенін көрсетеді», – деді Ақмола облысы әкімдігінің өкілі.
Бұл жәрмеңке – Астана мен өңірлер арасындағы сауда маусымының қорытындысы.Шара тек өнім көлемімен емес, ауыл мен қала арасындағы ынтымақтастықты нығайтуымен де маңызды болды.
Қала тұрғындары табиғи және жаңа өнім сатып алу мүмкіндігіне ие болса, аграршылар өз өнімдерін тікелей өткізу арқылы нарық аясын кеңейтіп, тұрақты тұтынушылармен байланыс орнатты.