Астанадағы сауда дүкеніндегі шикі ет үстіндегі торғайлар жұртты шошытты

Small дүкенінде шикі ет сөресінде жүрген торғайлар түсірілген видео 13 сағатта 82 мыңнан астам қаралым жинап, жұрттың алаңын күшейтті.

 threads.com/@arukarollayevna/post Бүгiн 2026, 20:36
Бүгiн 2026, 20:36
122
Фото: threads.com/@arukarollayevna/post

Астанадағы Small сауда желісінің Тұран даңғылы, 65 мекенжайындағы дүкенінде түсірілген видео әлеуметтік желіде кең тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Кадрлардан тоңазытқыш сөресінде ашық тұрған шикі еттің үстінде бірнеше торғайдың емін-еркін жүргенін көруге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оқиға куәгерлердің алаңдаушылығын тудырған. Олардың айтуынша, құстар ет өнімдері қойылған астаулардың үстіне қонып, сөре ішінде еркін қозғалған.

Видео түсірілген сәтте дүкен қызметкерлері жағдайды реттеуге жедел кіріспегені де әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады.

Сауда залынан түсірілген бұл жазба 13 сағат ішінде 82 мыңнан астам қаралым жинап үлгерді. Желі қолданушылары мұндай көрініс санитарлық қауіпсіздік талаптарының сақталуына күмән тудыратынын айтып, жұқпалы инфекция тарау қаупін алға тартуда.

Осы жағдайдан кейін әсіресе ашық сатылатын ет өнімдерінің сақталу тәртібі қоғам назарын қайта өзіне аударды. Тез бұзылатын тағамдарға құстардың жанасуы тұтынушылар арасында үлкен алаңдаушылық туғызды.

Әзірге бұл жайтқа қатысты Small сауда желісінің де, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің де ресми пікірі жарияланған жоқ.

 

Заңға сәйкес, мұндай көрініс санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы ретінде қарастырылуы мүмкін.

Сауда залындағы құстар микробиологиялық ластану қаупін күшейтіп, өнім қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Әлеуметтік желіде тараған осы видео елордадағы ірі супермаркеттердегі санитарлық тәртіп мәселесін қайтадан қоғамдық назарға шығарды.

 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх