Астанада Ұлы қолбасшы Бейбарыс Сұлтан атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі, белгілі тарихшылар және қала тұрғындары қатысты.
Сарыарқа ауданындағы №189 көшеге Мысыр сұлтанының есімі берілді. Ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына қандай іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл тек ел аумағында емес халықаралық деңгейде де кешенді жоспар бекітілді.
Ел тарихында ерекше күн. Еңселі елордамыздың төрінде баһадүр бабамыз Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай 2 шақырымнан аса үлкен көше ашылып отыр. Алдағы уақытта кешенді іс-шаралар басталады деген нақты жоспарымыз бар. Ұлы бабамыздың есімін ұлықтау - біздің ортақ міндетіміз деп білеміз. Сонымен бірге еліміздің барлық өңірінде министрліктің бұйрығымен 600 іс-шара өткізіледі деген жоспар құрылды, – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.