Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанадағы кірпіш қаптаманың құлауы: жарақат алғандардың жағдайы белгілі болды

8 Қараша 2025, 20:45
616
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Астанада тоғыз қабатты үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылған кезде жарақат алғандардың бірі өте ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, олардың барлығы №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Оқиға салдарынан жалпы 5 адам зардап шеккен.

Бір науқастың жағдайы өте ауыр, жедел ота жасалып жатыр. Тағы екі адам жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр, – деп мәлімдеді ведомство.

Ал қалған екі адамның жағдайы тұрақты, олар бөлімшеде ем алып жатыр.

Барлық зардап шеккендер дәрігерлердің бақылауында, қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен бірге материалдық көмек, әрі қарай емдеу және оңалту шаралары да қарастырылады, — деді ведомстводан.

Айта кетейік, бүгін елордадағы Алматы ауданы Тәуелсіздік даңғылы 24Б мекенжайында тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама мен кондиционер қондырғысы құлады.

Құтқарушылар келген кезде бірінші қабаттағы дүкен кіреберісінің маңында шамамен 150 шаршы метр аумақта қаптама мен кондиционер бөліктерінің құлағаны анықталды. Құтқару қызметі зардап шеккендерді шығарып, қаптаманың қайта құлау қаупін жойды. Зардап шеккендер жедел жәрдем бригадасына тапсырылды, – деді Астана қаласының ТЖД.

Оқиға орнында демонтаж және шұғыл қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Өзгелердің жаңалығы