21 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында өткен Backstreet Boys концертіне мыңдаған жанкүйермен бірге мүмкіндігі шектеулі көрермендер де бас қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, іс-шараның барынша қолжетімді әрі жайлы өтуі үшін аренада арнайы жағдай жасалды: ыңғайлы кіреберістер қарастырылып, қозғалысы шектеулі жандарға арналған бөлек орындар жабдықталды, сондай-ақ еріктілердің көмегі ұйымдастырылды.
Көрермендердің айтуынша, мұндай шаралар концерттің толыққанды қатысушысы ретінде сезінуге және өзгелермен бірдей әсер алуға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұқаралық іс-шараларда кедергісіз орта қалыптастыру – елордадағы инклюзивті мәдениетті дамытудың маңызды қадамы.
Еске салсақ, 21 қыркүйек күні "Астана Арена" стадионында әлемге әйгілі Backstreet Boys тобы өнер көрсетті. Елордадағы концертіне 45 елден 12 мың турист келді.