- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Астанада жүлде қоры 1 млн доллар болатын AI-фестиваль өтеді
Астанада жүлде қоры 1 млн доллар болатын AI-фестиваль өтеді
Фестиваль аясында халықаралық AI-фильмдер байқауы өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен креаторлар бас қосады.
Бүгiн 2026, 15:54
Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауы әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байқауға қатысуға арналған өтінімдер фестивальдің ресми платформасы – aaiff.ai сайты арқылы қабылданып жатыр.
Астанада өткен баспасөз конференциясында жобаның тұжырымдамасы, байқау бағдарламасы және фестивальдің іске қосылу кезеңдері таныстырылды.
Байқау екі секция бойынша өтеді
Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жәлидің айтуынша, байқау бағдарламасы екі секциядан тұрады. Оның бірі – «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбына арналған негізгі бөлім. Сонымен қатар үздік режиссура, визуалды тіл, оқиға, концепция және кейіпкер номинациялары бойынша ашық секция қарастырылған.
Байқаудың басты талабы – фильмнің full AI технологиялары арқылы жасалуы. Яғни жасанды интеллект қосымша құрал ретінде емес, туындыны әзірлеудегі негізгі құрал ретінде қолданылуы керек.

Фестиваль 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада Astana AI Week – жасанды интеллект апталығы аясында өтеді. Бұл AAIFF-ті елдегі ірі технологиялық іс-шаралармен байланыстырып, фестивальдің халықаралық мәртебесін күшейтеді, – деді Алмас Жәли.
Қатысу тегін, шектеу жоқ
Байқауға қатысу тегін және жас ерекшелігіне немесе кәсіби тәжірибесіне қарамастан барлық ниет білдірушіге ашық.
Қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм әзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге aaiff.ai платформасына жүктеуі тиіс.
Жоба авторларының бірі Айзатулла Хуссейннің айтуынша, өтінімдер фестивальдің ресми сайты арқылы қабылданады.

Жұмысты екі жолмен жіберуге болады: YouTube платформасына жүктеп, сілтемесін көрсету немесе Google Drive сервисіне жүктеп, сілтемесін жолдау. Барлық өтінімдер ұйымдастырушылардың бірыңғай базасында тіркеледі және жүргізіледі. Сондықтан авторларға өтінім мәртебесін бақылауда ұстаудың қажеті жоқ, – деді Айзатулла Хуссейн.
YouTube платформасына жүктелген видеолардың сипаттамасында міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесі, автордың аты-жөні және #SpecialForAAIFF хэштегі көрсетілуге тиіс.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Байқау финалистері қыркүйек айында жарияланып, көрсетілімдер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Astana AI Week аясында Астанада өтеді.
Жүлде қоры – 1 миллион доллар
Іріктеу қорытындысы бойынша AAIFF командасы мен халықаралық сарапшылар негізгі секциядан 10 және ашық секциядан 15 жұмысты таңдап алады.
Финалистерді киноиндустрия, AI-қоғамдастық және creative tech саласының өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды.
Фестиваль аймақтағы кино мен AI-технологияларға арналған алғашқы ірі алаңдардың біріне айналмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға әлемнің түрлі елдерінен авторлар, digital-креаторлар, инвесторлар, сарапшылар және технологиялық компания өкілдері қатысады деп күтіліп отыр.
Фестиваль аясындағы басты оқиғалардың бірі – жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын халықаралық қысқаметражды фильмдер байқауы. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі AI-контент жасаушылар қатыса алады.

AI мен киноны тоғыстыратын жаңа алаң
Бағдарлама аясында кино индустриясындағы жасанды интеллектке арналған конференциялар, авторлар мен продюсерлерге арналған pitch-сессиялар, сондай-ақ сарапшылар қатысатын көрсетілімдер мен талқылаулар ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар фестиваль контент жасаудың идеядан бастап дайын өнімге дейінгі бүкіл процесін қамтитынын айтады. Әсіресе дәстүрлі кино мен жасанды интеллект технологияларын ұштастыратын жаңа форматтар мен гибрид жобаларға басымдық беріледі.
Аталмыш жоба жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған фильмдерге арналған халықаралық фестиваль ретінде авторларды, digital-креаторларды, технологиялық компаниялар өкілдерін, сарапшылар мен инвесторларды бір алаңға жинайды деп күтілуде.

Ұйымдастырушылар фестивальді жыл сайын өткізіп, оны AI-кино мен цифрлық шығармашылықтың жаңа бағыттарын дамытуға арналған тұрақты халықаралық платформаға айналдыруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, отандық сот сарапшылары аудио-дипфейктерді зерттеудің жаңа әдісін енгізді.
Тағы оқи отырыңыз: "Бір ай уақыт берілді": Екібастұзда алып IT жоба басталады
Ең оқылған:
- Астаналық мұғалім 13,5 тонна автобусты сүйреп, әлем рекордын жаңартты
- Отандық сот сарапшылары аудио-дипфейктерді зерттеудің жаңа әдісін енгізді
- БҚО-дағы "Сырым" шекара бекеті маңынан белгісіз дрондар байқалды
- Қарағандыда 20 жастағы қызды көлік қағып, оқиға орнында қаза тапты
- Қазақстандық тревел-блогер әлемдік WIBA Awards сыйлығын жеңіп алды
Мақпал ОРЫНБЕК