Астанада жолаушылардың 30-40%-ы жолақы төлемей жүреді. Бұл туралы №1 автобус паркінің басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жолақы төлемей жүретін жолаушылардың саны көп. Қазір бағыттарда жүретіндердің 30-40%-ы жолақы төлемей жүреді. Оның салдарынан біз шығынға ұшырап жатырмыз. Біздің паркте 150 көлік бақылау департаменті қызметкері (тексеруші, бақылаушы – ред.) бар. Алдағы уақытта билет тексеретін қызметкерлердің санын 200-ге дейін жеткіземіз деп отырмыз. Біз бақылаушылардың арқасында табыс тауып отырмыз, - деді Мадияр Тұқпатов.
Бақылаушылардың міндеті - жолақының төленгенін қадағалау.
Бақылаушылар автобусқа кіргенде ғана жолаушылар жолақысын төлей бастайды. Егер автобуста бақылаушы болмаса, онда төлем жоқ деген сөз. Сол себепті бақылаушылардың санын көбейтіп жатырмыз, - дейді автобус паркі басшысы.
Оның айтуына қарағанда, ақы төлемеген жолаушыларға айыппұл салумен мәселе шешілмейді.