Астанада Сарыарқа ауданы Республика даңғылы бойындағы жиһаз цехының төменгі қабатынан өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, елордалық өрт сөндірушілер шақыру түскен сәттен бастап 25 минут ішінде өртті сөндірді.
Нақтыланған мәліметтер бойынша Сарыарқа ауданы Республика даңғылы бойындағы 5 қабатты тұрғын үйдің ірге қабатында орналасқан жиһаз цехындағы қоймада өрт шықты. ТЖМ күштері баспалдақ маршымен 21 адамды, оның ішінде 11 баланы құтқарды, - деп атап өтті ведомстводан.
Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін шамамен 80 адам өз бетінше далаға шықты.
Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында 50 шаршы метр алаңдағы өрт толығымен сөндірілді.
Өрттен зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.