Елорда төрінде еркін күрестен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан республикалық жарысқа 600 спортшы қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олимпиада ойындарының, әлем және Еуропа чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнир осымен төртінші рет өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов және басқа да құрметті қонақтар сөз сөйлеп, Жақсылық Үшкемпіров жайлы естеліктерімен бөлісе отырып, жасөспірім спортшыларға сәттілік тіледі.
2009-2011 және 2012-2014 жылы туған балалар арасындағы жарыста 30 салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы турнирге келгеніме өте қуаныштымын. Балалар өте көп. Мен күресетін 39 келі салмақта 40-қа жуық бала бар екен. Өзім бірінші белдесуімді жеңдім. Осындай жарыстар көп болса екен деймін, – дейді Атырау облысынан келген қатысушы Қайсар Қали.
«Төрткүл дүниеге есімі танымал Жақсылық Үшкемпіров бәрімізге үлгі-өнеге болды. Астанада төртінші рет өтіп жатқан турнир даңқты спортшыға, еңбекқор азаматқа, халық патриотына көрсетілген құрмет деп білемін. Биылғы жарысқа 600 жасөспірім балуан қатысып жатыр, бұл деген үлкен көрсеткіш.
Осындай жарыстар арқылы ертең ел намысын халықаралық жарыстарда қорғайтын балуандар өсіп шығады. Елордаға үміттеніп келген жасөспірім спортшылардың бәріне сәттілік тілеймін», – деді Олимпиада ойындарының чемпионы, грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельниченко.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында төселген боз кілемде тартысты да қызықты белдесулер өтіп жатыр.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ертең анықталады.